Наурыз мейрамы – табиғаттың жаңаруын білдіретін көне мереке. Бұл күн күн мен түннің теңелуімен байланысты және көптеген халықтарда жаңа жылдың бастауы ретінде қабылданған. Қазақ халқы да бұл мерекені «Ұлыстың ұлы күні» деп атап, ерекше құрметтеген. Наурыздың дінмен байланысы туралы әртүрлі пікірлер бар. Ислам діні келгенге дейін бұл мереке халық арасында табиғаттың жаңаруымен байланысты дәстүр ретінде тойланған. Кейін ислам діні тарағаннан кейін де Наурыз халықтық мәдени мереке ретінде сақталып қалды.
Ислам дінінде адамдарды жақсылыққа, татулыққа, мейірімділікке шақыру маңызды орын алады. Наурыз мерекесінде де адамдар бір-біріне кешірім жасап, реніштерін ұмытып, қайырымдылық жасап, үлкендерді құрметтеп, кішіге ізет көрсетеді. Бұл құндылықтар исламның адамгершілік қағидаларымен үндеседі. Кейбір ғалымдар Наурызды тек мәдени және ұлттық дәстүр ретінде қарастыру керек деп санайды. Яғни, оны діни ғибадат ретінде емес, халықтың салт-дәстүрі мен бірлігін көрсететін мереке ретінде атап өтеді. Сондықтан Наурызды тойлау ислам қағидаларына қайшы келмейді, егер онда шариғатқа қарсы іс-әрекеттер болмаса.
Қорытындылай келе, Наурыз – қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрінің бір бөлігі. Оның негізгі мәні – адамдарды татулыққа, мейірімге, бірлікке шақыру. Ал бұл құндылықтар исламдағы адамгершілік принциптерімен үйлеседі.
«Интернет кеңістігенде
діни экстремизмнің алдын алуды
үйлестіру және мониторинг» бөлімінің
теололг маманы Өмірзақ Алида.