Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасына сәйкес, «Дәстүр және отбасы» бағыты бойынша Шымкент қаласы Абай аудандық «Кенесары хан» мешітінің ұйытқы болуымен «Дін мен дәстүр» орталығында Бесікке салу және Тұсау кесер рәсімдеріне қатысты дәстүрлі шара ұйымдастырылды.
Игі шараға арнайы Шымкент қаласына сапарлап келген ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Ерболат Жүсіпов, шаһар бас имамы Бақдәулет Абдрахманов бастаған ел азаматтары арнайы қатысты.
Мәртебелі мейманға Абай ауданының бас имамы Мұхамеджан Естеміров арнайы мешіт жанында ашылған Дін мен дәстүр, Отбасылық және Жас өспірімдерге кеңес беру орталығының және Ясауи атындағы имандылық кітапхана жұмыстарымен қысқаша таныстырды.
Мұнымен қатар, бөлім меңгерушісі қалалық Әжелер мектебінің мүшелері дайындаған сәбиді Бесікке салу және Тұсау кесер рәсімдеріне қатысып, тағылымды насихат айтып, ақ батасын берді.
Осы орайда, шырайлы Шымкент қаласы арнайы сапармен келген Ерболат Жүсіповке шаһар бас имамы Бақдәулет Абдрахманов арнайы алғыс айтып, ұйымдастырылған қос игі шарада мағыналы баяндама жасап, насихат айтқаны үшін ризалық білдірді.
ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі
























