Skip to content

«MUNARA TV» ТЕЛЕАРНАСЫНА ЖАҢА ДИРЕКТОР ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бұйрығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл телеарнасы «MunaraTV» телеарнасының директоры қызметіне Бекен Қасымхан Талғатұлы тағайындалды.

Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа директордың жауапты қызметіне сәттілік тілеп, телеарнаның қоғамдағы рухани-ағартушылық қызметінің маңызын атап өтті және ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі исламды насихаттау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жандандыру қажеттігіне тоқталды.

Қасымхан Талғатұлы бұқаралық ақпарат құралдары саласында көп жылдан бері қызмет етіп келеді. Әр жылдары «Алматы» телерадиокомпаниясы» АҚ-да ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар бөлімінің жүргізуші-тілшісі, «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының Алматы филиалындағы «Таңшолпан» таңғы ақпараттық бағдарламалар бөлімінің редакторы, «Хабар» агенттігінің «24KZ» арнасында жаңалықтар бөлімінің II санатты тележүргізушісі, сондай-ақ «Астана» телеарнасында «Astana Times» жаңалықтар бағдарламасының тележүргізушісі, ҚМДБ тілшісі қызметтерін атқарған.

Өз кезегінде жаңа директор көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, телеарнаның шығармашылық әлеуетін арттыруға, сапалы рухани-ағартушылық контент әзірлеуге және көрермен аудиториясын кеңейтуге күш салатынын жеткізді.

Айта кетейік, «MunaraTV» телеарнасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақпараттық-ағартушылық бағыттағы жобаларын насихаттап, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып келеді.