Skip to content

Радикалды идеологияның әйелдерге көзқарасы: әйелдердің деструктивті діни ағымдарға тартылу ерекшеліктері

Қазіргі кезеңде әйелдердің радикалды және деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуі қоғам үшін өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл құбылыс тек жеке тұлғаның тағдырына ғана емес, отбасы тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздікке де әсер етеді. Радикалды ұйымдар әйелдердің психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, оларды тартудың түрлі әдістерін қолданады.

Радикалды идеологияда әйел көбіне тәуелсіз тұлға ретінде емес, ұйым мүддесіне қызмет етуші, идеологияны ұрпаққа жеткізуші және болашақ мүшелерді тәрбиелеуші ретінде қарастырылады. Мұндай көзқарас әйелдің құқықтары мен еркіндіктерін шектеп, оның қоғамдағы рөлін тар аяда түсіндіруге негізделеді.

Әйелдерді деструктивті ағымдарға тартуда жалғыздық факторы маңызды орын алады. Отбасылық қиындықтар, ажырасу, жақын адамынан айырылу немесе әлеуметтік оқшаулану жағдайында әйелдер эмоционалдық қолдау іздейді. Осы сәтті пайдаланған вербовщиктер оларға қамқорлық танытып, біртіндеп өз ортасына тартады.

Сонымен қатар радикалды топтар романтикалық қарым-қатынас орнату арқылы да ықпал етеді. Әлеуметтік желілерде сенімге кірген адамдар әйелдің дүниетанымына әсер етіп, оны жаңа идеологиялық ортаға бейімдеуге тырысады. Эмоциялық тәуелділік қалыптасқан жағдайда әйел ұсынылған идеяларды сын тұрғысынан бағалау қабілетін жоғалтуы мүмкін.

Әйелдердің жоғары жанашырлық қасиеті де радикалды насихаттың нысанына айналады. Ұйым өкілдері өздерін қысым көрген немесе әділетсіздікке ұшыраған топ ретінде көрсетіп, әйелдердің эмпатиялық сезімдерін пайдаланады. Нәтижесінде кейбір әйелдер мұндай топтарды қорғауды моральдық міндет ретінде қабылдай бастайды.

Аналық жауапкершілік те радикалды насихатта кеңінен қолданылады. Ұйымдар балаларды «дұрыс тәрбиелеу» және «рухани таза қоғам құру» идеяларын алға тартып, аналардың сеніміне ықпал етеді. Бұл жағдай радикалды көзқарастардың келесі ұрпаққа берілу қаупін арттырады.

Әйелдердің радикалдануының салдары тек олардың жеке өмірімен шектелмейді. Мұндай құбылыс отбасы ішіндегі қатынастарға, балалар тәрбиесіне және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді. Сондықтан бұл мәселенің алдын алу кешенді шараларды талап етеді.

Алдын алу жұмыстарының негізгі бағыттарына діни және құқықтық сауаттылықты арттыру, психологиялық қолдау жүйесін дамыту, отбасы институтын нығайту және әйелдердің қоғамдық белсенділігін қолдау жатады. Бұл шаралар радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қойып, әйелдердің сыртқы манипуляциялық ықпалдарға қарсы тұру қабілетін күшейтеді.

Қорытындылай келе, әйелдердің радикалды діни ағымдарға тартылуы олардың әлсіздігінен емес, радикалды ұйымдардың мақсатты әрі жүйелі ықпал ету әрекеттерінен туындайды. Сондықтан қоғамның негізгі міндеті – әйелдерді айыптау емес, олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, сыни ойлау мен рухани сауаттылықты дамыту болып табылады.

                                                                                                                       Теолог С.Сейітхан