Skip to content

Қазақи тәрбие – жастарға үлгі

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтардың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Әсіресе, жас ұрпақтың тәрбиесінде ата-бабамыздан мирас болған қазақи тәрбиенің орны ерекше. Қазақ халқы ғасырлар бойы қалыптастырған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие жүйесі арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге баулыған. Қазақи тәрбиенің негізінде ең алдымен отбасы тұрады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Бала тәрбиесі бесіктен басталып, ата-ана мен әже-атаның өнегесі арқылы қалыптасады. Үлкенге сәлем беру, дастарқан басындағы әдеп, сөз қадірін білу – осының бәрі қазақи тәрбиенің көрінісі. Қазақ халқы жастарды еңбекқорлыққа, төзімділікке, сабырлылыққа тәрбиелеген. Ер балаларды батырлыққа, ел қорғауға баулыса, қыз балаларды ибалыққа, инабаттылыққа үйреткен. «Қызға қырық үйден тыйым» деп, қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. Бұл – қыз баланың болашақ ана, ұрпақ тәрбиешісі ретіндегі жауапкершілігін көрсетеді. Сонымен қатар, қазақи тәрбие – тек дәстүр ғана емес, ол рухани құндылықтар жиынтығы. Имандылық, адалдық, ар-намыс, ұят секілді қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы тиіс. Жастар – елдің болашағы. Егер біз жастарымызды ұлттық рухта тәрбиелесек, онда мемлекетіміздің де болашағы жарқын болады. Қазақи тәрбие алған жас – елін сүйетін, жерін қорғайтын, ата-анасын құрметтейтін азамат болып қалыптасады.

Қорытындылай келе, қазақи тәрбие – ұлттың тірегі, рухани байлығы. Оны сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу – әрбіріміздің міндетіміз. Жастар қазақи тәрбиені бойына сіңірсе, олар қоғамның саналы, білімді, парасатты мүшесіне айналары сөзсіз.

Шегірбаев Ұлан,

Оңалту жұмыстары

және діни психологиялық

қолдау бөлімінің теологы