Skip to content

Қостанай: «Уақып – үзілмес көпір» тақырыбында форум ұйымдастырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігі облыстық әкімдік ғимаратында «Уақып – үзілмес көпір» тақырыбында форум ұйымдастырды.

Іс-шараға өңірдегі дін қызметкерлері мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Жиынды «Уақып» қорының облыстағы өкілі Аңсаған Абдрахман ашып, басқосудың негізгі мақсатына тоқталды.

Форум елімізге танымал қари Мұртаза Ертайұлының Құран оқуымен басталды. Одан кейін облыстың Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы сөз алып, уақып ұғымының соңғы жылдары қоғамда кеңінен насихатталып, қайырымдылықтың жарқын үлгісіне айналып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өлеңінен мысал келтірді.

Белгілі ұстаз, РАНТ мүшесі Ғазиз Ахмет уақыптың Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі болсын) дәуірінен бастау алатынын айтып, оның «ұстау», «тоқтату» деген мағынаны білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ уақыптың негізгі мақсаты – мұсылмандар игілігіне жұмсалатын қаржы қалыптастырып, дін қызметкерлері мен мұқтаж жандарға қолдау көрсету екенін түсіндірді.

Сонымен қатар астаналық кәсіпкер Олжас Маратұлы «Иман менеджмент» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы орыс тілінде баяндама жасады.