
Әбу Ханифа медресе колледжінде 2026 жылғы бітіруші түлектерге арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты жиын қасиетті Құран Кәріммен басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Медресе директоры Құлмұхаммед қажы Пірманұлы бітіруші түлектерге ақ жол тілеп, алған білімдерін ел игілігіне жұмсауға шақырды.
Рәсімге арнайы қатысқан Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Ершат Ағыбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, түлектерге жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Бекзат имам насихат айтып, жас мамандарға рухани қызмет жолында адалдық пен жауапкершіліктің маңызын жеткізді.
Биыл медресе колледжін 34 түлек тәмамдады. Оның ішінде 1 түлек үздік оқу үлгерімімен қызыл диплом иегері атанды. Сонымен қатар 4 шәкірт негізгі оқу бағдарламасымен қатар қасиетті Құран Кәрімді толық жаттап шығып, хафиздық мәртебеге қол жеткізді.
Бітірушілердің 12-сі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарамағындағы діни қызметке жолдама алса, қалған түлектер Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Сығанақи атындағы ислам институтында білімдерін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Салтанатты рәсім соңында бітіруші түлектерге дипломдар табысталып, олардың алдағы өмір жолына ақ тілектер айтылып, ел мен дінге қызмет ететін білікті маман болуларына дұға жасалды.
