Skip to content

ҚАСИЕТТІ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ ҺӘМ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН!

Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Бәрімізді айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Бұл күні мұсылмандар қайырлы, ізгі амалдар арқылы Жаратушыға жақындайды. Алланың разылығы үшін құрбан шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Ұлық мереке ағайын арасын жақындатып, көршілерді, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытып, татулыққа шақырады.

Құрбан айт – татулықты басты тірегі еткен Тәуелсіз еліміздің халықтық мерекесіне айналды. Мемлекет деңгейінде мерейлі мейрамды Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Парасатты шешім халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.

Мүбәрак мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүгедектер мен зағиптар, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын.

Ізгі ниетпен, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов