Skip to content

БАС МҮФТИ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Павлодар облысына барған сапарында «Мәшһүр Жүсіп және оның рухани мұрасындағы ихсан ілімі» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-танымдық конференцияға қатысты.

Конференцияда арнайы баяндама жасаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – қазақ халқының діни, рухани, әдеби һәм тарихи санасының қалыптасуына зор үлес қосқан тұлға. Ол өз заманындағы мұсылмандық дүниетанымды қазақтың болмысымен сабақтастыра білді. Оның еңбектерінде Құран аяттары, хадистер, сопылық таным, адамгершілік мәселелері және рухани кемелдену жолдары кеңінен көрініс тапты.

Мәшһүр Жүсіп атамыздың шығармаларын оқыған адам оның тек ақын, шежіреші ғана емес, терең рухани тәрбие мектебін қалыптастырған ой иесі екенін аңғарады. Ол адамның ішкі дүниесін тазарту, жүректі тәрбиелеу, Аллаға деген махаббатты арттыру секілді мәселелерге айрықша мән берді», – деп атап өтті.

Сонымен қатар конференция жұмысына мәшһүртанушы, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамед
Тұрышев, ғылым кандидаты, профессор Айман Зейнулина, «Әлкей Марғұлан» атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейфитден Сүтжанов, PhD доктор Берік Айтбайұлы, PhD доктор, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің хатшысы Батыржан Мансұров қатысып, баяндама жасады.