
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Павлодар облысына барған сапарында Мәшһүр Жүсіп атындағы облыстық Орталық мешітте жұма уағызын айтты.
«Мүлікті игі іске берудің (уақып етудің) шексіз сауабы» тақырыбында жұма уағызын айтқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Мұсылманның қоғамға пайда келтіріп, зор сауапқа кенелуіне ықпал ететін қайырымдылық істің бірі – уақып. Дінімізде жеке адам немесе бір отбасының қоғамға, халыққа тұрақты түрде пайдалы болатын мүлік немесе қаражатты қайыр-садақа ретінде беруі уақып делінеді. Алла Тағала қасиетті Құранда «Әли Имран» сүресінің 92-аятында: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша, игілікке қол жеткізе алмайсыңдар», – деп айтқан.
Мысалы бір адам уақып ретінде медресе, мектеп немесе университет салып берді делік. Ол жерде қанша бала тәлім алса, соның сауабын алады. Одан кейін ол оқыған шәкірттер білімі арқылы қоғамға қаншалықты пайда тигізсе, соған себепші болып, дүниесін уақып ретінде арнаған адамға сауап болады. Сондықтан да дінімізде «садақа жария» деген ұғым бар. Бұндағы «Жәриятун» сөзі көпке жария етіп беру дегенді білдірмейді. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған әрі сауабы үздіксіз жүріп тұратын игілік іс жасауды «садақа жария» деп атайды» деді.
Жұма намазынан соң Бас мүфти еліміз бен жеріміздің игілігі үшін арнайы дұға жасады.
