Skip to content

«Діни экстремизммен терроризмнің қауіпі»

35 жылдық тарихы бар тұғырлы тәуелсіздігімізге бүгінгі күн биігінен көз тастар болсақ, оның біздің елімізге және қазақ халқына орасан зор тарихи мүмкіндік бергеніне куә боламыз. Біз осы уақыт аралығында мемлекеттілігімізді қайта қалпына келтіріп, елімізді дербес даму жолына түсіріп, дәстүрлі рухани құндылықтарымыздың құлдырауын тоқтатып, ата дініміз болып табылатын ислам дінін қайта өрлете алдық. Исламның басқа да әлемдік діндер тәрізді өзіндік өмір сүру мәнері, пайымдау ерекшелігі, біртұтас өркениеттік негізі бар екендігін дәлелдеп жатудың артық екені анық. Жүйелі сипатқа ие осынау ізгілікті дін мұсылман адамның әлеуметтік болмысын қалыптастыра отырып, оның тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы өмір сүру мәнерін айқындайды. Сонымен қатар, ислам дінінің тарихи тұрғыдан қалыптасқандығын және өзінің болашақ даму жолдарын іздестіре отырып, бүгінгі күні де сан алуан идеялар мен пікірлер күресі аясында өмір сүруде екенін атап айтқан жөн. Псевдосәләфилік идеологияның шығу тарихы және белгілі бір қалыптасу кезеңі, өзіндік кескін келбеті мен бағыты бар. Тарихы, қалыптасу кезеңі, нақты көзқарас пен белгілі бір бағыты жоқ идеологияның құлдырап, ұзақ ғұмыр кешпейтіндігі айқын. Псевдосәләфилік идеология белгілі бір жүйемен жұмыс жүргізуінің арқасында әлемдік деңгейде таралып, жақтастарын көбейтіп отыр. Идеологияның өмір сүруіне қажетті жүйе, жоспар, қолдау механизмдері тынымсыз жүргізіп келеді.

Діни экстремизм сипатындағы бұл құбылыс ХХІ ғасырда кең етек ала бастады. Қазіргі күні оның ықпал ету аймағы  ұлғайып, экстремистердің іс-қимыл аумағы өзгеріп отыр. Бастапқы кезеңде экстремистік топтардың әрекеттері мұсылман елдеріндегі шетелдік субъектілерге (саяси, әскери және т.б.) қарсы бағытталған болса, бүгінгі күні мұсылман қауымының өзі олардың нысанасына айналып отыр.

Осы діни экстремизмнің ең қауіпті түрлерінің бірі саналатын тәкфіршілік төңірегіндегі мәселелерді талқылап көрейік. Қазақстандағы тәкфіршілердің іс-әрекетінің шынайы мәні мен үрдістерін айқын түсіну үшін тәкфіршіліктің пайда болу тарихы мен оның негізгі сипаттарына тоқталып өтсек.

Тәкфіршілік – ол діни арман-тілектерді алдау және психологиялық манипуляциялау; ол жастарды рухани қорлау және оларды мәңгүрт ету; ол өз діні мен халқына сатқындық жасау. Уаххабилікті ұстанушылардың барлығына фундаменталды исламда табиғи түрде кездесетін тәкфір және жихад туралы түсініктер тән. Ислам дініндегі осы жалпы ұғымдарды өз мақсаттары үшін пайдалана отырып, уаххабилер олардың мәнін адам танығысыз етіп бұрмалайды. Мәселен, уаххабилер «дінге сенбеу» (куфр) және «көпқұдайлыққа жол беру» (ширк) тәрізді ұғымдарды шектен тыс абсолюттендіре отырып, тәкфір нысандарын өз еріктеріне қарай кеңейтеді.

ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМГЕ ИТЕРМЕЛЕЙТІН БЕЛГІЛЕРІ

1.Қоғамнан оқшаулану

Өздерін тура жолдамыз деп есептеу; (Біз ғана тура жолдамыз)

Біз сәләфтің жолындамыз, ақиқат бізде, дәлел т.б. адамның жүрегіне жақын сөздерді тиімді пайдалану арқылы жақтастарын көбейтеді. Осылайша қоғамнан оқшаулану процесі жүреді.

2.Өзгелерді кінәлау; (Тәкпірші, Бидғатшы яғни үкім шығару)

Екінші этапта өздерінің басқалардың барлығын кінәлау процесі жүреді. Бұл кезекте өздерінен басқалардың барлығын топтарға бөліп, қарым-қатынастарына мән бере бастайды. Мәселен, діндес бірақ өздерінің ұстанымдарымен келіспегендерді «бидғатшы» деп кінәлайды. Кінәлап қана қоймай, оларды жек көру дегенге дейін барады. Ал өзге діндегілерді кәпір деп кінәлап, тіпті олардың дүние-мүліктерін талан-таражға салуға болады деген пәтуа да шығарып алады.  

3.Бөліну; (Діни алауыздық)

Үшінші этапта, міндетті түрде бөлінушілік орын алады. Осының салдарынан діни алауыздық туындайды. Яғни талас-тартыс, кінәлау, қаралаудан кейін бөліну пайда болады. 

4.Күштеп өзгертуге тырысу;

Бұл идеолгия күшейіп, қатарларының санын көбейткен сайын күш қолдануға барады. Өйткені «Үш негіз» кітабында өзіңнің сенген ақиқатыңа адамдарды шақыру принципі бар. Осылайша өздерінің ереже-қағидаларын күштеп енгізуге тырысады.

5.Бүлік. (Терроризм)

Ал күш қолданудың соңы бүлікке, адам өліміне апарып соқтырады.

Бір құдайға сенушіліктің мәнін адамдарға Қасиетті кітапта берілгендей неғұрлым толық және дұрыс түсіндіру мақсатын ұстанатын ислам заңгерлерінен, теологтарынан және философтарынан уаххабилердің басты айырмашылығы – олар Құран мен сүннет мәтіндерін құқықтық, теологиялық, философиялық тұрғыдан түсіну мүмкіндігін толығымен жоққа шығарады.

Біз ұстаным тұрғысынан сунниттік бағыттағы имам Матуриди ас-Самарқанди ашып түсіндіріп берген Әбу Ханифа ақидасын ұстанамыз. Алайда «мазхабсыздар» имам Әбу Мансур Матуридиді «кәпір» деп, ал оның ізбасарларын «адасқандар» деп санайды. Яғни, тәкфіршілер оларды (ханафи мазхабын ұстанушыларды) өз дінінің, өз әрекеттері мен жүріс-тұрыстарының мән-мағынасын түсінбейтін адамдар деп есептейді.

Уаххаби идеологтарының пікірінше, діннен шыққан мұсылмандар (муртадд) – бірқұдайлық қағидаларынан «аздап жаңылғандар». Уаххабилер әдетте әулиелерді құрметтеуді, бейіт басында құран бағыштауды, жұлдыздарға қарап болжам жасауды (астрология), сәтсіздіктердің алдын алуға көмектеседі деген ырыммен бойтұмар тағуды немесе басқа да заттарды ұстауды осындай «жаңылысуға» жатқызады.

Қазіргі уаххабилік ілімді ұстанушылардың (неоуаххабиттер) көзқарастары тұрғысынан бида’а– («дінге жаңашылдық енгізу») түсінігіне сонымен қатар туған күнді тойлау, қандай да бір сыйыну ғұрыптары үшін ерекше бір күнді немесе аптаны белгілеу, әртүрлі сипаттағы діни мерекелерді, мерейтойларды атап өту, атақты адамдарға ескерткіштер орнату, аза рәсімін өткізу, қаралы жиында әртүрлі «жаңашылдықтарды» қолдану (мәселен, бақилық болған адамды жоқтау), бейіт басына құрылыс салу, т.б. енгізілген. Алайда, суннит ханафилер дүниеден өткен туған- туыстарының, соның ішінде ата-анасының бейіттерінің басына баруды және оларға құран бағыштауды маңызды сүннет деп санайды.

Тәкфіршілер зиратта, бейіттің басында және басқа да орындарда марқұмға арнап Құран сүрелерін оқуға болмайды деп есептейді. Ал Мұхаммед пайғамбар өз хадисінде: «Кімде-кім бақилық болған ата-анасының бейітіне барып, оларға арнап «Ясин» сүресін оқыса – Алла тағала оның күнәсін кешіреді және оны ата-анасына бағынатын адамдардың қатарына қосады» деген. Тағы бір шынайы хадисте  «бақилық болған адамның басына оның фәни дүниеде жақсы көрген адамы келген уақыт – оның жаны жай табатын ең жақсы уақыт» екені айтылады. Осы жерде қазақ халқында «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мағынадағы тәмсіл бар екенін айта кеткім келіп отыр.

Экстремизмге қарсы күрес жүргізуді екі жолмен жүзеге асыруға болады:

Біріншіден, экстремистік идеологияның ықпалына түспеген халықты ақпараттандыружәне олардың арасында алдын алу, түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде атқару керек. Мұндай жұмыстарға білікті мамандар, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен құзыретті органдардың қызметкерлері бірлесе атсалысуы қоғамдық деңгейде маңызды.

Екіншіден, радикалды идеология ықпалына түскендермен оңалту жұмыстарын, қайта иландыру жолдары мен әдіс-тәсілдерін зерттей отырып, кешенді түрде жүргізу бүгінгі күніміздің талабына айналды.

Тәкфіршілер осынау араб сөзін «дін бұзарлық», «адасушылық» деп түсінеді. Мәселен, олар Мұхаммед пайғамбардың туған күнін – Мәуліт ән-нәбиді тойлауға ашық қарсылық білдіреді. Дегенмен бұл мереке Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа да мұсылман елдерінде 1207 жылдан бастап тойланады. Ал тәкфіршілер Мәуліт мерекесін дінде тыйым салынған жаңашылдық деп санайды. Біз, керісінше, Мұхаммед пайғамбар өмірге келген Мәуліт күнін сүннетке сай және дәстүрімізден берік орын алған мереке деп санаймыз. Жыл сайын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман күнтізбесіндегі Раби’ аль-аууал айында еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды және салтанатты іс-шаралар өткізеді.

Мәуліт ән-нәби мерекесін атап өтуден бас тартатын тәкфіршілер өздерінің туған күндерін де тойламайды және өз орталарында ата-аналары мен туыстарының туған күндерін тойлауға тыйым салады. Уаххабилердің жалған ілімінің жетегінде кеткен жас қаракөздеріміз намаз оқымайтын өз ата-аналарын «кәпір» деп айыптауға дейін барып жатады.

Имам әл-Бухари «Жеке тұлғаның әдептері» («әл-Адаб әл-муфрад») атты еңбегінде Мұхаммед Пайғамбардың «ата-ананы көзіне жас алғызуға дейін жеткізу – бағынбаушылық және үлкен күнәлардың бірі» деген хадисін жеткізеді. Өз кезегінде имам Әбу Ханифа өзінің «әл-Фикһ әл-акбар» («Үлкен фикһ») еңбегінде: «Адамдардың ең үлкен қателіктерінің бірі – олардың бірін-бірі кәпір деп айыптауы. Ал ахл ас-Суннаның («Алла Елшісінің жолымен жүрушілер» — сунниттер) жақсы тұсы – ол адам қателігін көргеннен кейін де оны дінсіз ретінде айыптамауы» деп жазады.

Сондықтан да псевдосәләфизмнің адамдарды өздерінің қатарына тартып, идеологияларын таратудың жолдары да жан-жақты қарастырылған. Бұл қандайда бір қоғамның шырқын бұзып, мұсылмандардың арасына іріткі салуға арналған тамаша құрал. Псевдосәләфиліктің соңы құрдымға жетелеп, түбі жоқ тұңғиыққа түсіреді. Мұнда жарық емес, жар бар.

Абулхайров Исмайл,

Оңалту жұмыстары және діни

психологиялық қолдау

бөлімінің теолог маманы