Skip to content

ЖАМБЫЛ ӨҢІРІНІҢ ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕЗЕКТІ АТТЕСТАТТАУДАН ӨТІП ЖАТЫР

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілдігінде өңірдің діни қызметкерлері республикалық кезекті аттестаттаудан өтуде. Үш жылда бір рет ұйымдастырылатын маңызды үдеріс аясында 500-ден астам дін маманы қатысуда.

Аттестаттау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде имамдар мен ұстаздар компьютерлік тестілеу арқылы фиқһ, ақида, тарих және заң пәндері бойынша білімдерін сынайды. Ал екінші кезеңде имамдар мен ұстаздар ауызша сұрақ-жауап арқылы қырағат, тәжуид, хадис, дін мен дәстүр, сондай-ақ ҚМДБ бекіткен концептуалдық құжаттар бойынша білімдерін көрсетеді.

Аттестаттау комиссиясының құрамында ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Асан Тілеубердиев төрағалық етуде. Сонымен қатар комиссия мүшелері қатарында ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет және Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов бар.

Аталған аттестаттау – діни қызметкерлердің білім-біліктілігін саралап, кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған маңызды кезең. Бұл үдеріс олардың діни сауаттылығын жетілдіріп қана қоймай, қоғамдағы рухани тұрақтылық пен діни мәдениетті нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, аттестаттау барысында дін қызметкерлерінің шариғи білімдерімен бірге заманауи құқықтық және қоғамдық мәселелерге көзқарасы да бағаланып, халықпен жұмыс істеу қабілеті жан-жақты сараланады.