
Қажылық – Ислам дінінде бес парыздың бірі. Бұл құлшылық белгілі мекендерді, белгілі бір күндері арнайы рәсімдерді орындау арқылы жүзеге асады. Қажылық – мұсылманның рухани болмысын қуаттайтын, жүрегін нұрландырып, тақуалыққа жетелейтін маңызды құлшылық. Ол адам баласының сабырын арттырып, қарапайымдылыққа, кішіпейілдікке тәрбиелейді. Қажылық – Алланың пенделеріне берген сауапқа толы зор мүмкіншілігі.
Қажылық – араб тілінде «әл-хажжу» деп аталады. Тілдік мағынасы «ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту» деген сөз. Құран Кәрімде қажылық жайлы бірнеше аят келген. «Әли Имран» сүресінің 97-аятында: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал кімде-кім күпірлік жасап, қажылықты жоққа шығарса, біліп қойыңдар, Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж», – деген.
Кез келген құлшылықта даналық пен сыр бар. Қажылықтың да Исламдағы орны жоғары. Адамға берер пайдасы да, даналығы да өте мол. Бұл қасиетті сапар кімге нәсіп болса, ол Алланың пендесіне деген кеңшілігі екенін білуі қажет. Өйткені Алла Тағала: «(Уа, Мұхаммед!): «Оларға: Бұл тек Алланың шексіз шарапаты мен рақымының арқасы. Ендеше, (адамдар) осыған қуансын! Өйткені бұл олардың бүкіл-жиған тергенінен әлдеқайда артық», – деп айт», – деген («Жүніс» сүресі, 58-аят).
Қажылық – пенденің Аллаға деген махаббатын арттыратын құлшылық. Қасиетті Құранда: «Әйтсе де кезінде Ибраһимге қасиетті үйдің (Қағбаның) орнын белгілеп бергенімізде оған: «Маған еш нәрсені серік етіп қоспа. Үйімді тауап ететіндер мен онда қиямда (тік) тұрып, рукуғ жасап, сәжде етіп құлшылық жасайтындар үшін таза ұста», – деп, бұйырған едік», – деген («Хаж» сүресі, 26-аят).
Қажылық әлем мұсылмандары арасына сүйіспеншілік орнатады. Ол жерде болған адам барлық мұсылмандардың түсіне, тіліне, ұлтына, жеріне, еліне, дүниесіне, денсаулығына қарамай бір киімде, бір жерде, бір уақытта, бір құбылаға бет бұрып, бір Аллаға жалбарынады. Жер бетіндегі күллі мұсылманның бір дене іспетті екенін сезініп, Алла Тағаланың «Шын мәнінде мүминдер бір-біріне туыс» («Хұжұрат» сүресі, 10-аят) деген ақиқатын көзбен көреді.
Қажылық барлық құлшылықтың түрін қамтиды. Намаз, садақа, құрбан шалу, тауап, Құран оқу, зікір ету, дұға тілеу, истиғфар және т.б. барлығы бір жерде орындалады. Қажылық – пендені тәубеге келтіріп, күналардан тазартатын құлшылық. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға шынайы тәубе етіңдер. Сонда Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астынан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізеді», – деген («Тахрим» сүресі, 8-аят). Сондықтан қажылық – өткеніне тәубе етіп, кешірім сұрайтын мекен.
Қажылық – жәннатқа апарар жол. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Бір ұмра (кіші қажылық) екінші ұмраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат», – деп сүйіншілеген (Мүслим).
Қажылық – Арафат. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисте былай деген: «…Сенің Арафатта тұруыңа қатысты айтар болсақ, онда Алла Тағала періштелердің алдында мақтан тұтып, былай дейді: «Құлдарым жәннатымды қалап, Маған әр жақтан шашы ұйпалақтанған (жол жүріп, шаршап шалдыққан) күйде келді. Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз көбігінің санындай (көп) болса да, Мен оларды кешірер едім! Уа, Менің құлдарым! Сендерге кешірім сый етілді!». Сол үшін кімде-кім аман-есен Арафатқа жетсе, оның күнәсі кешіріліп, дұғасы қабыл болады.
Қажылық – ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Өйткені мұсылмандар қажылық кезінде бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шәкірт, барлығы да ихрам киімін киіп, бәрі бірдей ақ түсте жүреді. Сондықтан қажылық – мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін үлкен рухани мектеп. Пенде осы мезеттегі рухани мектеп арқылы нәпсінің тізгінін тартып, бірін-бірі сыйлап, сыпайылық танытады. Қажылық мұсылмандарды рухани тұрғыда байытып, жауапкершілік сезімін сездіртетін – ұлы сапар.
Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі
«Мұнара» газеті, №10, 2025 жыл