Skip to content

Шымкент қаласында «Әйел – адал қоғам тірегі» атты рухани-танымдық форум жоғары деңгейде өтті.

Шымкент қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы бойынша өкілдігіне қарасты Есжанұлы Сейітжан қари мешіті әйел-қыздар бөлімінің ұйымдастыруымен «Әйел – адал қоғам тірегі» атты рухани-танымдық форум жоғары деңгейде өтті.

Тағылымды жиынға 1500-ден астам көрермен қатысып, қоғамдағы әйелдің орны, отбасы тәрбиесі, рухани құндылықтар мен әйел денсаулығы секілді маңызды тақырыптар кеңінен қозғалды.

Форум барысында Түркістан облысы “Әйел-қыздар” секторының жетекшісі Еңлік Мұратқызы, Шымкент қаласы “Әйел-қыздар” секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы, Шымкент қалалық орталық Ақмешіт мешіті ұстазы Айжарқын Әмзеқызы және гинеколог маман Раушан Серікқызы арнайы баяндама жасап, көпшілікке әсерлі насихат айтты.

Келелі кездесуде әйел адамның қоғамдағы рөлі, отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесі, имандылық пен денсаулық мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар беріліп, рухани кеш ерекше әсер сыйлады.

Форум аясында арнайы сыйлықтар табысталып, қатысушыларға қуаныш сыйлаған ерекше сәттердің бірі – екі бірдей Умра жолдамасының иелеріне берілуі болды.

Тағылымды шара көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, әйел тәрбиесі мен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды басқосу ретінде есте қалды.