
Шымкент халықаралық әуежайынд Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен қажылардың алғашқы легін қасиетті мекенге шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. Игі шара қасиетті Құран Кәрім оқумен басталды.
Алғашқы болып сөз алған Шымкент қаласының Бас имамы Бақдәулет Абдрахманов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жеткізді. Құттықтау барысында қажылық құлшылығының жауапкершілігі мен сауабы жайлы айтылып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қажылықтың артықшылығы туралы хадисі келтірілді.
Айта кету керек, еліміз бойынша алғашқы қажылар дәл осы Шымкент халықаралық әуежайынан қасиетті сапарға аттанды. Алғашқы болып «Сембекова и К» қажылық компаниясы жол бастады.
Биыл 4000 отандасымыз қажылық парызын өтейді. Оларға лицензиясы бар 14 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді. ҚМДБ жанынан құрылған Қазақстан Қажылық миссиясы ұйымдастыру-үйлестіру, алғашқы медициналық көмек, уағыз-насихат, пәтуа беру және ақпарат тарату бағыттары бойынша қажыларға қызмет көрсетеді.
