
Бүгін ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылға арналған «35 айтулы шара» жоспары аясында «Рухани кітап айлығы» марафонына қатысты жиналыс өтті.
Жиынның мақсаты – Бас мешіт қызметкерлері арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және рухани-танымдық әдебиеттерге деген қызығушылықты арттыру.
Жиналысты жүргізген Бас мешіт имамы Қанат Қоянбекұлына қызметкерлердің ағымдағы жылдың алғашқы үш айында оқыған «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы бойынша есеп берілді. Сонымен қатар алдағы кезеңде Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» романын оқу жоспарланып отырғаны айтылды.
Басқосуда кітапты талқылау, ой бөлісу форматы, мазмұнды тиімді меңгеру тәсілдері сөз болып, жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, аталған марафон аясында діни қызметкерлер тек діни әдебиеттерді ғана емес, сондай-ақ қазақ әдебиетіндегі тарихи-танымдық және көркем шығармаларды да тұрақты оқуды жолға қоюды жоспарлап отыр.
