Қазіргі заманда әлеуметтік желі әр адамның өмірінің бір бөлігіне айналды. Біз Instagram, TikTok, Facebook арқылы сөйлесеміз, ақпарат аламыз, бос уақытымызды өткіземіз. Бірақ осы желілердің ішінде көзге көрінбейтін қауіптер де бар. Соның бірі – деструктивті ағымдар.
Деструктивті ағымдар – адамдарды өзіне тартып, дұрыс емес жолға бағыттайтын топтар. Олар көбінесе дін атын жамылып әрекет етеді. Яғни, өздерін «дұрыс жол көрсетушіміз» деп таныстырады. Бірақ шын мәнінде олардың айтқандары шынайы дінге сай келмейді. Олар діни сөздерді бұрмалап, адамдарды шатастырады. Бұл ағымдар көбіне әлеуметтік желі арқылы жұмыс істейді. Олар қысқа видеолар салып, әдемі сөйлеп, адамдардың назарын аударады. Кейде жеке хат жазып, дос сияқты сөйлесіп, сенімге кіреді. Басында бәрі жақсы сияқты көрінеді. Бірақ уақыт өте келе олар адамның ойын өзгерте бастайды. Мұндай топтардың ең үлкен қаупі – адамды өз ортасынан алыстату. Яғни, адам отбасы мен достарынан суып кетуі мүмкін. Өзінің бұрынғы өміріне басқа көзқараспен қарай бастайды. Кей жағдайда олар адамды радикалды ойларға да итермелеуі мүмкін. Бұл тек бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне әсер етеді. Көбінесе мұндай ағымдарға жастар түсіп қалады. Себебі жастар жаңа нәрсеге қызығады, ал кейде ақпаратты тексермей қабылдайды. Сонымен қатар, діни білімнің аздығы да әсер етеді. Сондықтан олар дұрыс пен бұрысты ажырата алмай қалуы мүмкін.
Осындай қауіптен сақтану үшін әр адам қарапайым ережелерді ұстануы керек. Біріншіден, бейтаныс адамдарға сенбеу керек. Екіншіден, әлеуметтік желідегі діни ақпаратты міндетті түрде тексеру қажет. Үшіншіден, күмәнді топтар мен парақшалардан алыс болған дұрыс. Егер бір нәрсе түсініксіз болса, ата-анаға, мұғалімге немесе білімді мамандарға жүгіну керек.
Қорытындылай келе, әлеуметтік желі – пайдалы құрал. Бірақ оны дұрыс қолданбаса, зияны да көп болуы мүмкін. Деструктивті ағымдар – сол жасырын қауіптердің бірі. Сондықтан әр адам саналы түрде әрекет етіп, өз қауіпсіздігін өзі қорғауы керек.
Қыпшақбаев Рауан
Ақпараттық түсіндіруді үйлестіру
және діни талдау жұмыстарын ұйымдастыру
бөлімінің теологы