Skip to content

Діни экстремизмнің қоғамдық келісімге әсері

Қазіргі таңда әлем елдерінің алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі – діни экстремизм. Бұл құбылыс тек белгілі бір мемлекеттің ғана емес, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Әсіресе қоғамдағы тұрақтылық пен татулыққа кері әсер етіп, адамдар арасындағы сенім мен бірлікті әлсіретеді. Сондықтан діни экстремизмнің қоғамдық келісімге тигізетін ықпалын түсіну және оның алдын алу – маңызды міндеттердің бірі.

Діни экстремизм – дінді өз мақсаттарына пайдаланып, қоғамда радикалды көзқарастарды таратуға ұмтылатын әрекеттер жиынтығы. Экстремистік ағымдар адамдарды төзімсіздікке, заңды мойындамауға және қоғамнан оқшаулануға итермелейді. Мұндай ұйымдар көбіне жастарды психологиялық тұрғыдан әсер ету арқылы өз қатарына тартуға тырысады. Олар әлеуметтік желілер мен интернет платформаларын белсенді пайдаланып, діни сауаты төмен азаматтарды адастыруы мүмкін.

Қоғамдық келісім – елдегі бейбіт өмірдің, тұрақтылық пен дамудың басты негізі. Әртүрлі ұлт пен дін өкілдері тату өмір сүрген қоғамда ғана өркендеу болады. Ал діни экстремизм осы үйлесімділікке сызат түсіреді. Өйткені радикалды идеология адамдарды “біз” және “олар” деп бөліп, қоғам ішінде алауыздық туғызады. Нәтижесінде адамдар арасында күмән мен сенімсіздік пайда болып, қоғамдық бірлік әлсірейді.

Экстремистік идеялардың таралуы жастарға ерекше қауіп төндіреді. Себебі жас буын өмірлік тәжірибесі аз болғандықтан, жалған діни уағыздардың ықпалына тез түсуі мүмкін. Кейбір жастар интернеттегі күмәнді ақпараттарға сеніп, дәстүрлі құндылықтардан алшақтап жатады. Мұндай жағдай отбасындағы түсініспеушілікке, қоғамнан оқшаулануға және құқықбұзушылықтарға алып келуі ықтимал.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Елімізде түрлі этнос пен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Бұл – мемлекет жүргізіп отырған татулық пен келісім саясатының нәтижесі. Сондықтан қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін діни сауаттылықты арттыру өте маңызды. Әсіресе жастарға дәстүрлі діннің құндылықтарын дұрыс түсіндіру, күмәнді діни ақпараттарды ажырата білуге үйрету қажет.

Діни экстремизмнің алдын алуда отбасының, білім беру мекемелерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Ата-ана баласының кіммен араласатынына, қандай ақпарат тұтынатынына назар аударуы керек. Мектеп пен жоғары оқу орындарында діни сауаттылыққа қатысты түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілгені жөн. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде сенімді ақпарат көздерін көбейтіп, радикалды идеологияға қарсы ағартушылық контентті дамыту қажет.

Қорытындылай келе, діни экстремизм қоғамдық келісім мен ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді. Ол адамдар арасындағы татулықты бұзып, қоғамның тұрақты дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан әр азамат діни мәселеде сауатты болып, күмәнді ақпараттарға сын көзбен қарауы қажет. Бірлік пен бейбітшілік – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Оны сақтау баршамыздың ортақ міндетіміз.

Абулхайров Исмайл,

Интернет кеңістігінде діни

экстремизмнің алдын алуды

үйлестіру және мониторинг

бөлімінің теолог маманы