Қыздың білімі, тәрбиесі ұлттың болашағының кепілі екендігі көпке аян. Қазақ елі үнемі қыздарды сыйлауды, құрметтеуді дәріптеп, қыздардың тәрбиесіне, тұлғалық дамуына ерекше мән берген. Қазақтың дәстүрі мен даналығын жете түсінген адамға қазақ қызы туралы айтылған пікірлердің де қаншалықты маңызы бар екендігін түсіну қиын емес.
Қазақ халқы қыздарды ерекше құрметтеп, еркелетіп, әрі қатал тәрбиесін де көрсетіп өсірген. Қазіргі таңда қоғамда қыздың тұлға болып қалыптасуына, толыққанды білім алып, қоғамнан өз орнын табуына ата-аналары ерекше көңіл бөліп, сол бағытқа көп инвестиция жасайтындығы белгілі. Дегенмен, қыздардың құқығын шектеп, олардың дамуына тосқауыл қойып, «адам» қатарына қоймайтын деструктивті діни ағымдардың бар екендігі қынжылтады. Аталған топтар ең алдымен қыз баласының білім алуына көп шектеу қояды, мектепке баруына қарсылық танытып, 16 жасына толғанда мектептен шығарып алып, өзінен бірнеше жас үлкен азаматтарға тұрмысқа беретіндердің бар екендігі де бүгінгі күннің ащы шындығы болып отыр.
Дұрыс білім алмаған, тұлғалық, кәсіби дамуы қалыптаспаған қыздар қоғамнан оқшауланып, өз орнын таба алмай қалады. Бұл олардың психолоягиялық жағдайларына да кері әсер етеді.
Осындай қауіптердің алдын алу үшін діни сауаттылықты арттыру аса маңызды. Әрбір адам діннің шынайы гуманистік мәнін түсініп, оны радикалды немесе шектеуші көзқарастардан ажырата білуі қажет. Сонымен қатар, отбасы, білім беру мекемелері және қоғам бірлесе отырып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс.
Балаға тәрбие беріп, білім алуына көңіл бөлу екі ата-анаға да жүктелген міндет болғанымен, ананың баласына әсері үлкен екендігін ескергеніміз жөн. Қыз баланың білім алуы — тек жеке тұлғаның дамуы ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін маңызды фактор. Білім алып, қоғамды таныған қыз баласы өзінің жеке құқықтарын, шекарасын біледі және осының арқасында өзін қорғай алады.
Қыздарымыздың дұрыс білім алып, құқықтық және діни сауаттылықтарының дұрыс қалыптасуына көңіл бөлейік, қыздың дамуына жасалған инвестицияны елдің жарқын болашағына, кем дегенде қыздың бақытты өмір сүруіне жасалған салым деп қабылдаңыз.
Бердібек Асел,
Оңалту жұмыстары және діни
психологиялық қолдау бөлімінің
теологы