Қазіргі заманда интернеттің дамуына байланысты білім алу мүмкіндігі кеңейді. Соның ішінде діни білімді онлайн форматта үйрену де жиі кездесетін құбылысқа айналды. Алайда бұл мүмкіндіктің пайдалы тұстарымен қатар, қауіптері де жоқ емес. Әсіресе бейресми, яғни тексерілмеген онлайн діни курстар жастардың санасына теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай курстардан сақтану – бүгінгі қоғам үшін маңызды мәселе.
Ең алдымен, бейресми діни курстардың басты ерекшелігі – олардың нақты бір ресми діни мекемеге немесе танылған ұйымға қатысы болмайды. Көп жағдайда мұндай курстарды жеке адамдар немесе белгісіз топтар жүргізеді. Олар өздерін “дін ұстазы”, “ғалым” ретінде таныстырып, түрлі әлеуметтік желілер арқылы адамдарды тартады. Бірақ олардың білімі мен көзқарастары шынайы діни ілімдерге сәйкес келе бермейді. Осындай курстардың ең үлкен қаупі – жалған немесе бұрмаланған діни ақпарат таратуы. Дінді дұрыс түсінбеу адамның өмірлік ұстанымдарына, мінез-құлқына және қоршаған ортаға деген көзқарасына кері әсер етуі мүмкін. Кейбір жағдайларда мұндай курстар экстремистік немесе радикалды идеяларды насихаттауы ықтимал. Бұл, әсіресе, әлі өмірлік тәжірибесі аз жастар үшін өте қауіпті.
Тағы бір маңызды мәселе – психологиялық ықпал ету. Бейресми курстарда кейбір “оқытушылар” тыңдаушылардың сеніміне кіріп, оларды өз көзқарасына толықтай бағындыруға тырысады. Олар адамдарды отбасыдан, достардан алшақтатып, тек өз тобының пікірін дұрыс деп көрсетеді. Бұл адамның жеке еркіндігіне нұқсан келтіріп, қоғамнан оқшаулануына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, мұндай курстарда қаржылық алаяқтық жағдайлары да кездеседі. Кейбір ұйымдастырушылар “ақылы сабақ”, “арнайы курс” деген сылтаумен адамдардан ақша жинап, ешқандай сапалы білім бермейді. Тіпті кейде олар адамдарды әртүрлі қаржылық міндеттемелерге тартуы мүмкін.
Бейресми онлайн діни курстардан сақтану үшін бірнеше қарапайым ережелерді ұстану қажет. Біріншіден, кез келген діни білімді тек ресми, сенімді дереккөздерден алу керек. Мысалы, тіркелген мешіттер, діни басқармалар немесе танылған оқу орындары ұсынған курстарға ғана сенім артқан дұрыс. Екіншіден, курс жүргізушінің білімі мен тәжірибесін тексеру маңызды. Оның діни білімі бар ма, қандай мекемеде оқыған – осының бәрін анықтап алған жөн. Үшіншіден, ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау қажет. Егер курс барысында айтылған мәліметтер күмән тудырса, оны басқа сенімді дереккөздермен салыстырып көрген дұрыс. Төртіншіден, отбасы мен жақын адамдардың пікірін ескерген жөн. Егер олар белгілі бір курстан қауіп көрсе, оған бейжай қарамаған дұрыс.
Қорытындылай келе, интернет арқылы діни білім алу – пайдалы мүмкіндік болғанымен, бейресми және тексерілмеген курстардан сақ болу қажет. Әр адам өз қауіпсіздігі мен дұрыс білім алуына жауапты. Сондықтан сенімді ақпарат көздерін таңдап, саналы түрде шешім қабылдау – әрбір азаматтың міндеті.
Арапбай Нұрразы,
Оңалту жұмыстары және діни
психологиялық қолдау
бөлімінің теологы