Бүгін, Шымкент халықаралық әуежайында қажыларымыздың алғашқы легін қасиетті мекенге шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды. Игі шара алдымен қасиетті Құран Кәрім оқумен басталды. Салтанатты шараны дінтанушы Мұхамеджан Естеміров ашып, жүргізіп отырды. Әуелі Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов сөз алып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің құттықтау сәлемін жеткізді. Онда: «Қасиетті қажылық парызының жауапкершілігі мен марапаты шексіз құлшылық. Мүмкіндігі жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, оны орындаушы, ең бірінші, Алланың сый-сияпатына кенеледі. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған адамның күнәларының кешірілетіні жайлы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,– делінген.
Айта кету керек, бүгін еліміз бойынша алғашқы қажылар Шымкент халықаралық әуежайынан аттанды. Алғашқы болып «Сембекова и К» қажылық компаниясы жол бастады.
Биыл төрт мыңнан астам отандасымыз қажылық парызын өтейді. Оларға лицензиясы бар 14 қажылық компаниясы қызмет көрсетеді. ҚМДБ жанынан құрылған Қазақстан Қажылық миссиясы ұйымдастыру-үйлестіру, алғашқы медициналық көмек, уағыз-насихат, пәтуа беру және ақпарат тарату сынды бес бағытта қажыларға қызмет көрсетеді.
Алла еліміз азаматтарының қажылық амалдарын қабыл етіп, Қазақ елі тыныш, жұртымыз аман болғай.
ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі



























