
Талдықорған қаласындағы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Іс-шараға ҚМДБ Жетісу облысының бас имамы Керімбек Сәрсембайұлы және облыстық дін істері басқармасының басшысы Сағыныш Асқарұлы қатысып, мерекеге дайындық барысы жайында ақпарат беріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Брифинг барысында айт мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында жүзеге асырылатын негізгі шаралар таныстырылды. Айт күндері мешіттерде ұлттық салт-дәстүрге сай мерекелік іс-шаралар, дастархандар, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге бағытталған «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық акциясы өтеді.
Сондай-ақ, қашықтан құрбан шалуға арналған qurban.muftyat.kz сайтының жұмысы жалғасатыны хабарланды. Қаржылай мүмкіндігі бар, сапарда емес мұсылмандар үшін құрбан шалу – уәжіп амал. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бұл міндет жүктелмейді. Айт күндері садақа беріп, жетім-жесір, көпбалалы отбасылар мен қарттарға көмек көрсету – сауапты іс екені атап өтілді.