Skip to content

Жат ағымнан сақтан

Алла Тағала адамдарға тура жолды нұсқап, адасушылықтан құтқару үшін әр қауымға пайғамбарлар жіберіп, кітаптар түсірді. Адамзат нәпсілік қалауларына ерік беріп, тура жолдан ауытқыған сайын Жаратушы тарапынан оларға ескертуші Елші келіп отырды. Өйткені тура жолда болып, адасушылықтан сақтану – адам баласының бұл дүниеде дұрыс өмір сүруіне, ақыреттік бақытқа қол жеткізуіне ықпал ететін негізгі себеп. Қасиетті Құранда: «Барлық мақтау бізді осы тура жолға салған Аллаға тән. Егер Алла бізді тура жолға салмаса, өзіміз тура жолды таба алмайтын едік. Расында Раббымыздың елшілері, шындықты келтірген еді», – деп айтатындығын баяндаған.

Асыл дініміздің негізі қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті екендігі мәлім. Алайда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғаннан кейін мұсылмандарды тура жолдан бұрғысы келіп, қасиетті Құран аяттары мен Алла Елшісінің хадистерін бұрмалап түсіндіруші түрлі топтар пайда болды. Насихат сұраған бір сахабасына ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сендерге Ұлық Алла Тағаладан қорқуға және егер сендерге бір құл әмірші (басшы) болса да, оны тыңдауға және оған бойсұнуға өсиет етемін. Расында, араларыңдағы көп өмір сүргендер, әлі көп ұрыс-керіске (фитнаға) тап болады, сондықтан сендерге еш ауытқымай менің сүннетімді және дұрыс жолмен жүрген діндар халифалардың сүннетін ұстану керек болады», – деп айтқан (имам Термизи).

Бұл хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінен кейін дінді бұрмалаушы түрлі топтардың болатындығын айтып, сонымен қатар тақуалықты ұстану, басшыға бағыну, әһлі сүннет уәл-жамағат жолымен жүру сияқты тура жолдарды айтып, түрлі жат ағымдардан сақтануды ескертіп кеткен. Қазіргі күндері де кезінде болған ағымдардың ізбасарлары бар. Тек олардың атаулары мен қызмет жасау тәсілдері өзгерген демесек, негізгі ұстанымдары сол. Сондықтан қазіргі таңда да жат ағым ықпалында кетпеу үшін әрбір мұсылманның дұрыс жолда берік болуы, теріс ағымнан сақтануы аса маңызды. 

Діни сауатты болу керек

Жат діни ағым иелері көбіне діни сауаты аз адамдарды өз қатарына тартуға тырысады. Өйткені білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін жақсы біледі. Дiни сауатты болу үшiн белгiлi бiр дiни оқу орнын бiтiру міндет емес. Ол үшін асыл дініміздің негіздерін үйрену, мәзһабымызды тану, ата-бабамыздың ұстанған дәстүрлі ислам жолымен адасқан топтардың айырмашылығын білуіміз жат ағым жетегінде кетпеуіміз үшін жеткілікті болмақ.

Діни білімді сенімді көздерден алу керек. 

Қасиетті Құранда:

«Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп білмеген мағлұматты білетін, білім иесінен сұрауды әмір еткен. Діни білімді интернет желісіндегі шекараның ар жағында отырған беймәлім ұстаздардан, белгісіз сайттардан үйренуге болмайды. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық мешіттердің жанында арнайы сауат ашу орталықтары бар. Сонымен қатар интернет желісінде діни мағлұмат алам деушілерге www.muftyat.kz сайты бар. Телефон арқылы сұрақ қойғысы келгендер үшін тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн үзіліссіз жұмыс істейтін діни ақпарат беру орталығына (Call орталық нөмірі 8 707 233 30 30) хабарласуға болады.

Ата-аналар да балалардың ұялы телефоннан қандай ақпарат көріп жүргендігіне аса назар аударуы қажет. Бұл жерде айта кететін жайт, кей ата-аналар дінге қызығушылық білдірген балаларын «ағымға кіріп кетеді» деген қорқынышпен мүлдем мешітке барудан тыйып тастайды. Асылында, қазіргі заманда бұл қате әрекет болып есептеледі. Өйткені мешіттегі сабақтар мен уағыздардан қалыс қалған бала, өз бетінше ғаламтор бетінен ақпарат іздей бастайды, бұл өз кезегінде балаға көбірек қауіп төндіреді. Ең оңтайлы әдіс дінге қызыққан баланың шариғи білім алуын мешіт имамына тапсырып, қадағалап отыру.

Бірлікте болу керек

Ислам діні мұсылмандардың өзара туыс екендігін айтып, оларды бірлікте болуға үндеп, бөлінуден тыяды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген (имам Бұхари).

Денені құрайтын ағзалардың бірігіп дұрыс жұмыс жасағанында ғана дененің сау болатындығы сияқты, қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, өзара бауырмалдық пен бірлікте болса, ол қоғам өркендеп гүлденеді.

Жат ағым өкілдері көбіне осы мұсылманның бірлігіне сызат түсіріп, оларды бөлуге, бір-біріне деген дұшпандық сезімін оятуға тырысады. 

Қасиетті Құранда:

«Жер беті дұрысталғаннан кейін бүлікшілік жасамаңдар», – деп айтқан. Бұл – бүгінгі қоғамда дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығарып, халқымыздың айрандай ұйыған берекесін бұзғысы келетін жат пиғылды адамдарға қатысты ескерту. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді.

Ендеше, жастарымызды түрлі ағымдарға еріп кетуден сақтап, қоғамның береке-бірлікте болуы үшін әрқайсымыз аянбай тер төгуіміз қажет.

                                                                                                    «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің Оңалту жұмыстары және діни психологиялық қолдау бөлімінің теолог маманы Ахметжанұлы Қыдырәлі

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *