Жамбыл облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде қала және аудан имамдарының қатысуымен кезектен тыс жиын өтті.
Жиынға облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы төрағалық етіп, қасиетті Рамазан айында атқарылған игі істерге қорытынды жасады. Сонымен қатар, алдағы уақытқа жоспарланған шаралар пысықталып, дін қызметкерлеріне нақты тапсырмалар жүктелді.
Бас имам жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әзірлеген «Уағыз-насихат айтудың тәртіптік ережесі» құжатын таныстырып, құжаттағы негізгі талаптар мен бағыттарға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ діни қызмет сапасын арттыру жолдары талқыланып, уағыз-насихат жұмыстарының тиімділігін арттыру тетіктері ұсынылды.