
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркия Республикасындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен осы елдің бірнеше қаласында білім алып жатқан студенттер игі қайырымдылық шарасына қатысты.
Ораза айттың құрметіне орай өткен бұл шараға 200-ден астам бүлдіршін қамтылып, оларға мерекелік сый-сияпат жасалды. «Талаба» студенттер қауымдастығының белсенділері қасиетті Рамазан айының соңында балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы Айт қоржындарын үлестірді. Қоржындар күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік пен тәттілерге толтырылып, бүлдіршіндердің жүздеріне қуаныш ұялатты.
Бұл игі бастама жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне ерекше назар аударуға, қоғамда бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара болды. Мұндай қайырымдылық істері жас ұрпақты мейірімділікке, жанашырлыққа әрі қоғамға пайдалы қызмет етуге тәрбиелейді.
Діни басқарманың Түркия өкілдігі жыл сайын осындай ізгі шараларды ұйымдастырып, жастардың бойына қайырымдылық пен ізгіліктің маңыздылығын сіңіруді басты мақсаттарының бірі ретінде айқындап отыр.

