
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жарияланған «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Түркістан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен әйелдерге арналған «Әйел – үйдің киесі» атты рухани кеш өтті.
Шараға өңірдегі әйел жамағаты жиналып, Исламдағы әйелдің мәртебесі, қоғамдағы орны мен болмысы туралы тағылымды уағыз-насихатты тыңдады. Отбасы берекесі мен ұрпақ тәрбиесіндегі әйелдің рөлі кеңінен айтылды.
Кешке демеушілік көрсеткен Төлтебаевтар әулеті жамағатқа рухани серпіліс сыйлап, шараның жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосты. Жиналған жамағаттың атынан 20 Құран хатым түсіріліп, бақилық болған ата-бабалар рухына бағышталды.
«Әйел – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген халық даналығы кештің басты ұранына айналып, Түркістан жұртшылығына рухани тәрбие мен имандылықтың мәнін терең сезіндірді.
Алла Тағала ел мен дін жолындағы әрбір игі іске береке нәсіп етсін!