
Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» орталық мешітінде Құран жаттаған шәкірттерге арналған рухани кеш ұйымдастырылды. Иман нұрын сепкен игі шарада қасиетті Құранды жаттап, оқу дәрежесіне жеткен 100 қыз-келіншек Құранға түсті.
Рухани кешке ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Жамбыл өңірге жауапты жетекшісі Жазира Иманалиева және мешіт ұстазы Аружан Талғатқызы ұйытқы болды.
Шара барысында жамағатқа әсерлі уағыз айтылып, жүрекке жылу сыйлаған діни әндер шырқалды, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айтылды. Сонымен қатар, тәрбиелік мәні зор қойылымдар қойылып, көптің көңілін тебірентті.
Құранға түскен шәкірттерге тәж тағылып, құрмет көрсетілді. Қасиетті Құран әліппесін аяқтаған шәкірттерге қари болу жолындағы табандылық пен ықыластың маңыздылығы айтылып, Алланың сөзімен өмір сүру тілегі білдірілді.
Аталған рухани шара – салтанатты кеш қана емес, иманды ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болды.