Skip to content

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ КЕҢЕС БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрғасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасы және жуырда ашылған дәстүр және отбасы бағыты аясында Шымкент қаласы, Абай аудандық Кенесары хан мешітінде «Жасөспірімдерге кеңес беру орталығы» ашылды.
Игі жобаны Шымкент қаласы, Абай ауданының бас имамы, магистр Мұхамеджан Естеміров жан-жақты ұйымдастырып жүзеге асырды. Жаңа жоба ашылуына қалалық Шариғат және пәтуа бөлімі, Жастар ісі секторы, дәстүр және отбасы бағыты және бірқатар азаматтар қатысты.
«Аталмыш орталықтың негізгі мақсаты – жас жеткіншектерге ұлттық салт-дәстүр негізінде тәлім-тәрбие беру, соның ішінде рухани күйзеліске ұшырағандарға рухани қолдау көрсету, нашақорлық, лудомания, ішімдік ішу т.б.түрлі теріс қылықтардан және жат ағымдардың арбауынан сақтандыру болып табылады. Орталық арнайы жиһазбен жабдықталған орын қарастырылып, қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілді.» — деді Мұхамеджан Естеміров.
Осы орайда, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы жаңадан жоба ретінде ашылған кеңес беру орталығының жұмысын дамыту үшін түрлі деңгейдегі мамандар шақырылып, семинарлар, басқоуслар, дәрістер өткізілетінін атап өтті.
Айта кетсек, аталмыш кеңес беру орталығының аз уақыт нәтижесі бойынша 13 жасөспірімге кеңес беріліп, өмірлері оң қадамға бағытталды.

ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі