Skip to content

ШЫМКЕНТТЕ ТЕГІН ТАКСИ ШАРАСЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлы баяндамасы аясында Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен Жастар ісі секторы, «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «Тегін такси» қайырымдылық акциясы өткізілуде.
Игі шара аясында мешіт имамдары мен ерікті жамағат мүшелері мешітке тарауих намазына келген тұрғындарды үйлеріне тегін жеткізіп салуда. Бұл бастама қасиетті Рамазан айында халыққа қолдау көрсетіп, қоғамдағы өзара жанашырлық пен қамқорлықты арттыруды көздейді.
Шаһар Бас имамы Бақдәулет қажы Нұрматұлы аталған акцияның басты мақсаты – ел арасындағы бауырмашылықты нығайтып, береке-бірлікті күшейту екенін атап өтті. Сондай-ақ ол көлігі бар азаматтарды мүмкіндіктеріне қарай осы сауапты іске үлес қосуға шақырды.
Акцияға қатысқан ерікті азаматтар мұндай қайырымдылық шаралары жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқанын айтып, игі іске әрдайым атсалысуға дайын екендерін жеткізді.
Осы орайда, «Тегін такси» қызметін пайдаланған тұрғындар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын жаудырды.
Айта кетейік, аталған қайырымдылық акциясына Кенесары хан мешіті, Байғұт баба мешіті, Әл Біләл мешітінде қолдау көрсетіп келеді.

ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі