Бүгін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлы баяндамасы аясында Шымкент қаласы Абай аудандық Кенесары хан мешітінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жылдығына арналған «Дін мен дәуір» фотокөрме апталығы ұйымдастырылды.
Негізгі мақсат — қасиетті Рамазан айында мешітке келген жамағатқа Мүфтияттың төл тарихи дүниелерін насихаттау болып табылады.
Фотокөрмеге қазақтың дін ісі Орынбор мұсылмандары діни басқармасы (1789-1868), Уфа діни басқармасы (1917-1920), Орталық мұсылмандар діни басқармасы (1920-1936), Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (1943-1990) қараған кездегі, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тыныс-тіршілігіне қатысты фотосуреттер қойылды.
Сонымен қатар фотокөрмеден Алаштың алғашқы қазилары Ғұмар Қараш (1917-1918 жылдары) пен Мағди қажы Мақұлұлы (1923-1936 жылдары) және Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кезіндегі Қазақстан қазилары Әбдіғаппар Шамсутдинов (1943-1952 жылдар), Сәдуақас қажы Ғылмани (1952-1972 жылдар), Жақия қажы Бейсенбайұлы (1972-1979 жылдар), Рәтбек қажы Нысанбайұлының (1979-1900 жылдар) суреттерін, сондай-ақ 1990 жылы дербес мүфтилік болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы мүфтилері Рәтбек қажы Нысанбайұлы
(1990-2000 жылдар), Әбсаттар қажы Дербісәлі (2000-2013 жылдар), Ержан қажы Малғажыұлы (2013-2017 жылдар), Серікбай қажы Ораз (2017-2020 жылдар) және қазіргі Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мүфтият жұмысына қатысты фотосуреттерін тамашалады. Айта кетсек, тұңғыш ұйымдастырылған шара барысында ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері алғыс айтып, ризалық білдірді.
Фотокөрме Шымкент қаласына қарасты аудан орталық мешіттерінде Рамазан айының соңына дейін жалғасады.
ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі











