Skip to content

Шымкент: Рамазан айына дайындық пысықталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасы аясында ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінде қасиетті Рамазан айына дайындықты пысықтауға арналған кеңейтілген мәжіліс өтті.

Жиынға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы, найб имамдар мен мешіт имамдары, сондай-ақ қалалық «Әйел-қыздар» секторының жетекшілері қатысты. Мәжілісті қала бас имамы жүргізді.

Мәжіліс барысында ҚМДБ бекіткен Рамазан анықтамалығы негізінде алдағы жұмыстардың жоспары таныстырылды. Атап айтқанда, қала әкімдігімен бірлескен қайырымдылық шаралары, уағыз-насихат жұмыстары, ауызашар дастархандарын ұйымдастыру, тарауих намазында хатым Құран өткізу, мешіттердегі қауіпсіздік пен тәртіп мәселелері, әз-Наурыз мерекесін атап өту тәртібі кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы онлайн насихат жүргізу, күнделікті сұрақ-жауап орталығының жұмысын жандандыру, онлайн форматта зекет, пітір садақасы және фидия төлеу мәселелері де назарға алынды.

Жиында биылғы жылғы ерекше басымдықтардың бірі ретінде ауызашар мәзірі мен «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі», «Рамазан қоржыны» қайырымдылық себеттеріне енгізілетін азық-түлік өнімдерінің ҚМДБ «Халал» сертификатына ие болуына баса мән беру тапсырылды. Яғни, құрамында күмәнді қоспалар болмауы қатаң қадағаланатыны атап өтілді.

Жиын қорытындысында қала бас имамы жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.