
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2025 жылға арналған бағдарлық баяндамасы мен «Дін мен дәстүр» бағыты аясында, сондай-ақ Республика күні, ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойы және «Ислам және отбасы құндылығы жылы» аясында Шымкент қалалық орталық мешітінде «Ұлттық ойын – баға жетпес мұра» атты мешіт имамдары арасындағы турнир өтті.
Игі шараға Шымкент қаласының Бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол спортпен шұғылдану Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құп көрген сүннеті екенін атап өтіп, игі дәстүрді ғылыми және діни тұрғыдан дамыту қажеттігін айтты.
Турнир арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, кір тасын көтеру, садақ ату және қол күрес сынды ұлттық ойын түрлерінен өтті. Барлығы алты команда бақ сынасты.
Нәтижесінде командалық есеп бойынша бас жүлдені – «Ақмешіт» тобы, екінші орынды – Абай ауданының тобы, ал үшінші орынды – Еңбекші ауданының тобы иеленді.
