
Шығыс Қазақстан облысының Бас имамы Думан Нәдірұлы өңірлік «Жастар орталығында» жастармен кездесу өткізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен қоғамдағы бес кеселге қарсы күрес тақырыбында тағылымды насихат жүргізді.
Кездесу барысында бас имам аталған мәселелердің ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, қоғамдағы теріс құбылыстармен күрес әрбір азаматтың, әсіресе жастардың жауапкершілігі екенін жеткізді.
Жиында нашақорлықтың зияны кеңінен түсіндіріліп, одан сақтанудың басты жолы – дұрыс тәрбие, имандылық және салауатты өмір салты екені айтылды. Сонымен қатар, лудомания мәселесіне тоқталып, құмар ойындардың адамды адал еңбектен алыстатып, отбасыға кері әсерін тигізетіні ескертілді.
Бұдан бөлек, вандализм мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері қозғалып, қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарау, отбасындағы сыйластық пен мейірімділікті сақтау қажеттігі айтылды. Ислам дінінде зорлық-зомбылыққа жол берілмейтіні ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ, ысырапшылдық мәселесіне мән беріліп, үнемшілдік пен қанағатшылдық мұсылманның негізгі қасиеттерінің бірі екені насихатталды.
Кездесу еркін форматта жалғасып, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Шара соңында бас имам жастарды бес кеселден аулақ болып, қоғам игілігі жолында белсенді болуға шақырды. Жастар орталығының өкілі тағылымды кездесуге алғыс білдірді.

