
ҚМДБ жанындағы Республикалық Бас мешітте ҚМДБ Құран секторы мен Бас мешіттің бірлесіп ұйымдастыруымен еліміздің мешіттерінде жамағат арасынан Құран жаттап жүрген жастар арасында «Рамазан – Құран айы» атты Құран Кәрімді жатқа оқу байқауы өтті.
Байқауға еліміздің 12 өңірінен, атап айтқанда Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Атырау облыстарының мешіттерінен келген үміткерлер қатысып, бақ сынады.
Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 29 және 30-паралар, сондай-ақ 30-пара бойынша өткізілді. 29, 30-паралар санатында 20 қатысушы, ал 30-пара бойынша 45 қатысушы өзара сынға түсті.
Сайысқа ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Серік қари Ахмет, Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің найб имамы Жұманазар қари Садырханов және Бас мешіттің азаншысы Ерболат қари Шаудырбай қазылық етті.
Байқау Құран аяттарын оқумен басталып, Бас мешіттің имамы Қанат Қоянбекұлы қатысушыларды құттықтап, Құран жаттаудың және Құран оқуда жарысудың артықшылығы мен рухани маңызы туралы тағылымды насихат айтты.
Сайыс барысында қатысушылар қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, Құранды әуезді түрде оқу арқылы өзара бәсекеге түсті. Бұл көрініс сәулетті Бас мешіттің рухани атмосферасын айшықтап, шараның маңызын арттыра түсті.
Күн ұзаққа созылған байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.
29 және 30-паралар бойынша:
І орын (Ұмра сертификаты) – Астана қаласындағы «Әбу Насыр Әл-Фараби» мешітінің шәкірті Асқар Жәмішжанов;
ІІ орын (200 000 теңге) – Жаңаөзен қаласындағы «Шаңырақ» мешітінің шәкірті Талғат Теңелов;
ІІІ орын (100 000 теңге) – Қызылжар орталық мешітінің шәкірті Азамат Төлеухан.
Сондай-ақ 4, 5, 6-орын иегерлеріне ынталандыру жүлделері (20 000 теңгеден) табысталды.
Ал 30-пара бойынша:
І орын (100 000 теңге) – Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің шәкірті Ислам Қалиақпар;
ІІ орын (70 000 теңге) – Балқаш қаласындағы «Шашубай» мешітінің шәкірті Ислам Тілеулесов;
ІІІ орын (50 000 теңге) – Шымкент қаласындағы «Абдусаттар Сманов» мешітінің шәкірті Мұхаммеджан Қазақпай.
Бұл санат бойынша да үш қатысушыға ынталандыру жүлделері (10 000 теңгеден) беріліп, ең жас екі қатысушы «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды.
