
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен зират көтеру және ас беру рәсімдерін шариғат талаптары мен ұлттық дәстүрге сай жүзеге асыру мақсатында қабылданған құжаттар аясында ҚМДБ-ға қарасты «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығы өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Аталған орталық 2021 жылы Астана қаласында пилоттық жоба ретінде іске қосылып, бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде алпысқа жуық бөлімшесі халыққа қызмет көрсетуде.
Жуырда Астана қаласындағы «Төлебай» мешітінің аумағында орталықтың төртінші бөлімшесі ашылды. Ашылу рәсіміне орталық басшысы Мейрамбек Қабылбекұлы, қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы, мешіт ұжымы мен жамағаты қатысты.
Қазіргі таңда орталықтың Астана қаласында Республикалық бас мешіт, «Ақ мешіт», Сәдуақас Ғылмани мешіті және «Төлебай» мешіті жанынан ашылған төрт бөлімшесі жұмыс істейді.
Орталық «Өткенге құрмет – тіріге міндет» акциясы аясында зираттарды тазалау жұмыстарына тұрақты қатысып, зират және зиярат мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ цифрландыру бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Қазіргі уақытта «JERLEÝ» мобильді қосымшасын іске қосу жоспарлануда.
