Skip to content

ПСЕВДОКОУЧИНГ ЖӘНЕ ҚАЗАҚЫ РУХАНИЯТ

XXI ғасырда әлемдік жаһандану мен цифрландыру үдерістері қоғамның рухани құрылымына тікелей ықпал етуде. Қазақстанда соңғы жылдары өзін «мотивациялық спикер», «коуч», «энергия шебері» деп таныстыратын тұлғалар қатары көбейді. Бұл құбылыс алғашында адамның өзін-өзі дамытуына бағытталғандай көрінгенімен, олардың мазмұны көбіне ғылыми негізсіз, діни тұрғыдан күмәнді және ұлттық рухани дүниетанымға қайшы келетін пайымдарға толы.

Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында адам мен әлемнің тұтастығы, тәуекел мен әрекет, шүкір мен сабыр секілді ұғымдар ерекше маңызға ие. Ежелгі Тәңірлік сенім мен ислам дінінің сопылық бағыты қазақ руханиятының ішкі мәнін қалыптастырды. Қожа Ахмет Ясауи ілімі арқылы ислам діні қазақ болмысына сай кемелдену жолын, яғни жүрек тазалығын, хикметке ұмтылуды және нәпсімен күресті орталық идеяға айналдырды.

Абай адамның ішкі жетілуін ар, ақыл, ғылым мен мінез арқылы таниды. Оның философиялық мұрасы – рухани даму концепциясы. Ол былай дейді:

   «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» (8-қара сөз).

          Абай материалдық байлықты емес, жүрек тазалығын алдыңғы орынға қояды:  «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек».

          Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегі адамның рухани дамуын таза ақыл, адал еңбек және ар-ұят қағидаларына негіздеген:

«Ақ ниет, адал еңбек, ар-ұят – адамшылықтың негізі».

          Ол ислам этикасын логикалық әрі гуманистік тәсілмен жеткізеді. Мәшһүр Жүсіп дінді тек рәсім емес, терең таным деп білді. Ол:

«Ілім мен хикметсіз жол таппассың,
Жүректе жалын болмаса жан таппассың»
– деп, сопылықты танымдық деңгейде түсіндіреді.

           Псевдокоучинг – батыстық поп-психология мен эзотерикадан алынған идеялар жиынтығы. Оның ерекшеліктері:

  • «Тағдыр жоқ, бәрі тек сенің санаңа байланысты» деген түсінік;
  • «Өз өміріңді бағдарламала, бәрі өз қолыңда» деген ұран;
  • «Сен – Құдайсың» сынды діни тұрғыдан қауіпті тұжырымдар.

           Бұл идеологиялар тағдырға сенбеу, тәкаппарлықты дәріптеу, рухани жауапкершілікті жоққа шығару арқылы исламның негізгі сенімдеріне қайшы келеді. Сонымен қатар, олар адамның күйзеліске ұшырауына, өзін кінәлауға, жалған оптимизмге тәуелді болуына себеп болады. Қазақ руханиятында даму – рухани кемелдікпен өлшенеді.

 Халық даналығы:

«Малым – жанымның садақасы,


Жаным – арымның садақасы»
– деп, ар-ұятты байлықтан жоғары қойған.

   Нағыз даму: Тек нәтиже емес, ниет пен ықылас, тәуекел мен сабыр; Тек менмендік емес, ықылас арқылы жүреді.

  Псевдокоучинг пен руханилығы жоғалған кеңестер – қазақы таным мен исламдық дүниетанымға сай келмейтін, жалған дамудың иллюзиясы. Қазақ халқының тарихы мен даналығы бізге Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп арқылы шынайы даму жолын көрсетті — бұл жол ғылым, ақыл мен иманның тұтастығына негізделген. Сондықтан бүгінгі қазақ жастары ғылыми негізі бар білімге және рухани тереңдікке бет бұрғаны жөн.

Жолмұхан Таңшолпан Мұхтарқызы

Ақпараттық түсіндіруді үйлестіру

және діни талдау жұмыстарын

ұйымдастыру бөлімінің теолог маманы                                                                                                                       

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Абай Құнанбайұлы. Қара сөздер. – Алматы: Жазушы, 2003.
  2. Шәкәрім Құдайбердіұлы. Үш анық. – Алматы: Ғылым, 1991.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *