Skip to content

НҰР-МҮБӘРАК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КІТАПТАРДЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Бүгін Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак университеті қабырғасында дәстүрлі ислам бағытындағы жаңа ғылыми еңбектердің таныстырылымы өтті.

Аталған жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жарық көрген кітаптардың тұсауын кесті. Іс-шараға ғалымдар, оқытушылар мен студенттер жиналды.

Жарыққа шыққан монографиялар қатарында биыл 740 жылдық мерейтойы ұлықталып жатқан ислам ғұламасы Қиуамиддин Әмір Кәтиб әл-Фараби әл-Итқанидың «Манзума әд-дурар» («Маржан жырлар») атты еңбегі бар.

Сонымен қатар, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің PhD, қауымдастырылған профессоры Ш.А. Әділбаева, аға оқытушылар М. Жолмағанбетова мен Ш. Дуанаева бірлесіп жазған «Жастарды өтпелі кезеңде дәстүрлі-рухани құндылықтарға тәрбиелеу» атты ұжымдық монография көпшілік назарына ұсынылды.

Ұжымдық еңбектер мұнымен шектелмей, PhD, қауымдастырылған профессор М.Б. Исахан және аға оқытушылар А. Сатыбалдиева мен М. Төрехановтың «Қазақстандағы мұсылман этностары – дінтанулық-әлеуметтік зерттеу» атты еңбегі де ғылыми айналымға енді.

Сондай-ақ, «Әсіре діншілдік пен шынайы діндарлық» атты маңызды монография PhD доктор Т. Имаммәди, философия ғылымдарының кандидаты К. Тышхан және аға оқытушы Е. Есімқұловтың бірлескен еңбегінің нәтижесінде жарық көрді.