Skip to content

Наурыз мерекесіне арналған тағылымды сайыс өтті

Шымкент қаласындағы «Дамушы бала» балаларды дамыту орталығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама аясында ата-аналар өз қолдарымен дайындаған ұлттық тағамдарын ұсынып, ал бүлдіршіндер өнерлері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, сайысқа түсті.

Аталған шараға қазылық жанындағы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы арнайы шақырылып, қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып, қатысушылардың өнері мен дайындаған дәмдерін бағалады.

Сайыс барысында ұлттық тағамдардың дәмі сыналып, балалардың сахналық мәдениеті, өнерге деген қызығушылығы жоғары деңгейде екені байқалды. Әсіресе, балабақша тәрбиеленушілерінің өнерге бейімділігі мен белсенділігі көпшіліктің көңілінен шықты.

Мерекелік іс-шара соңында қатысушыларға алғыс білдіріліп, Наурыздың берекесі мен бірлігі насихатталды. Бұл игі бастама жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті.