
Қазақстан қажылық миссиясы өкілдері Сауд Арабиясының Мекке қаласында алғашқы жиынын өткізді
Басқосуға Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Дүйсенбай, Бас мүфти кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің өкілі Ерлан Есбергенов, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров пен Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов және пәтуа, ақпарат пен алғашқы мединицалық көмекке жауапты миссия мүшелері қатысты.
Алғашқы жиында миссия төрағасы арнайы жұмыс жоспарын бекітіп, миссия мүшелеріне тиісті тапсырмалар берді.
«Қасиетті мекенге келгендегі біздің ең маңызды әрі басты міндетіміз – қажыларымыз құлшылығын дұрыс орындауы үшін оларға лайықты қызмет көрсету. Сондықтан әр іске жауапкершілікпен, қажыларымызға жанашырлықпен қарап, байсалдылықпен, сабырлықпен, ықыласпен қарекет етуіміз керек. Әрқайсымыз өзімізге қатысты және міндетті жұмыстарды жүзеге асыруда белсенді, табанды болуға тиіспіз. Алла Тағала қажылығын өтеуге келген әрбір отандасымыздың ниеті мен ғибадаттарын қабыл етіп, елімізге аман-есен оралуын нәсіп етсін» деді Кенжетай Байкемелұлы.
Сонымен қатар, жиында ұйымдастыру, уағыз айту, дәрігерлік көмек, қажылыққа қатысты сұрақтарға жауап беру және ақпарат тарату, сынды бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы күндердің жоспары жайлы баяндалды.
Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы 15 туроператорға бөлініп берілген ҚМДБ имамдарының уағыз-насихат жұмыстарын жетілдіріп, жат ағымды насихаттауға жол бермеу керектігін атап өтсе, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов қасиетті Мекке төріне аман-есен жеткен отандастарымыз жөнінде айтып өтті.
Айта кетейік, ертең қажылардың соңғы легі қасиетті мекенге табан тірейді. Қазақстан қажылық миссиясы жұмысын 5 бағыт (ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, пәтуа беру және ақпарат) бойынша жүргізеді. Миссия мүшелері қажылық компанияларының қызметі, отандастарымыздың хал-ахуалы мен денсаулығы, уағыз-насихат жұмыстарының жүргізілуі және ең бастысы қажыларымыздың құлшылықтарын дұрыс орындауын қадағалайды.