
Түркияның Конья қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы елдегі өкілі, «Талаба» студенттер қауымдастығының жетекшісі Абдурашит Зиядинұлының ұйымдастыруымен берекелі ауызашар дастарқаны жайылды.
Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің демеушілігімен өткен бұл рухани шараға Коньяда білім алып жатқан 140-тан астам қазақстандық студент қатысты. Кеш барысында Абдурашит Зиядинұлы жиылған жастарға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемін жеткізді.
Абдурашит Зиядинұлы өз сөзінде шәкірттерді қасиетті Рамазан айымен құттықтап: «Елден жырақта жүріп білім алу – үлкен белес. Сіздердің басты мақсаттарыңыз – сапалы білім алып, елге білікті маман, ұлтқа қызмет ететін нағыз тұлға болып оралу», – деп батасын беріп, студенттерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде шетелде жүрген қазақ жастары осындай игі шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
