Skip to content

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ИСЛАМ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Ислам ғылыми-зерттеу институтының қызметімен және ғылыми ұжымымен танысты.

Кездесуге Бас мүфти кеңесшісі Мұхаммед Хусейн Алсабеков, сондай-ақ Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан қатысты.

Институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына Институтқа арнайы келгені үшін алғыс білдіріп, мекеменің негізгі бағыт-бағдары, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалары мен атқарылған жұмыстары жөнінде баяндады. Сондай-ақ жиында жарық көрген ғылыми еңбектер таныстырылды.

Бас мүфти Институттың ғылыми қызметіне жоғары баға беріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып отырған дәстүрлі исламның ғылыми-теориялық негізін қалыптастыру және оны жүйелі түрде зерделеу Институт қызметінің басты бағыттарының бірі болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі діни мектеп өкілдерінің рухани мұралары мен еңбектерін заманауи ғылыми талаптарға сай қайта басып шығару, кешенді исламтанулық зерттеулер жүргізу кезек күттірмейтін маңызды міндет екенін атап өтті. Бұл бағыттағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғылыми жұмыстары Институт қабырғасында жүзеге асырылуы тиіс екенін жеткізді.

Кездесу барысында Институттың ғылыми қызметкерлері ғылыми-зерттеу жұмыстарын одан әрі дамытуға қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Институт қабырғасында «Ислам энциклопедиясының» I–II томдары жарық көріп, «Рухани мұра» көптомдығы аясында онға жуық ғылыми-академиялық еңбектің тұсауы кесілген.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *