
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ҚМДБ-ның екінші жартыжылдықтағы атқарылатын жұмыстарын пысықтауға арналған жиын өтті.
Жиын барысында жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытындысы тыңдалып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын негізгі бағыттар пысықталды. Бас мүфти діни, ағартушылық, қайырымдылық қызметпен қатар дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жұмыстарын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтіп, әр бөлімнің жұмыс бағыттарына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, жиында «Ислам және отбасы құндылықтары» жылы аясындағы іс-шаралардың орындалу барысы талқыланып, ақпараттық-насихат, жастар ісі және әйел-қыздар секторы, жат ағымның алдын алу бағытындағы жоспарлар нақтыланды.