
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы, Бас мүфтидің кеңесшісі Смайл Сүйерқұлұлы және Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл Марокко Корольдігіне арнайы іссапармен барды.
Делегацияның алғашқы ресми кездесуі Рабат қаласында Мұхаммед VI атындағы имамдар мен мүршидалар институтының директоры, доктор Абдуссалам Лазар мырзамен өтті. Кездесу барысында мәртебелі мейманды қабылдаған институт басшысы Марокко еліндегі діни білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен, сондай-ақ имамдар мен мүршидаларды даярлау және олардың білімін жетілдіру жұмысымен таныстырды.
Доктор Абдуссалам Лазар институттың жұмыс тәртібі мен қабылдау талаптары туралы кеңінен ақпарат беріп, Марокко елінің азаматтары ЖОО-нан кейін 1 жылдық кәсіби даярлық курсынан өтетінін, ал шетелдік дін қызметкерлері үшін бұл бағдарлама 2 жыл мерзімге созылатынын жеткізді.
Кездесу аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан имамдарға арналған 3 және 4 айлық білім жетілдіру курстарын ұйымдастыруға өз тараптарынан ұсыныс білдірді.
Аталған іссапардың мақсаты – ҚМДБ-ға қарасты діни оқу орындарының тәжірибесін халықаралық деңгейде нығайту және имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында тиімді серіктестік орнату.
Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы сәлемін жеткізген наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы институт директоры, доктор Абдуссалам Лазарға арнайы сый-сияпат табыстады. Бұл сыйлық екі ел арасындағы рухани ынтымақтастық пен діни білім беру саласындағы байланысты нығайту жолындағы ықыластың нышаны ретінде ұсынылды.