
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Меккедегі Арафат аймағында «Бір мезетте – бір ниет» дұға тілеу шарасын өткізді.
Іс-шараға бес парызының бірін өтеу үшін Арафатта тұрған қазақстандық қажылар қатысты.
Алдымен Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы құтпа оқып, еліміздің амандығы мен халқымыздың тыныштығы үшін дұға тіледі. Жаратушы Иемізден ұл-қыздарымыздың иманды, ибалы, инабатты болуын сұрады.
«Уа, Жаратқан Ием, біздің жанымыз бен тәнімізді жамандықтан сақта! Қазақ халқының, күллі мұсылман үмбетінің екі дүниеде абыройын арттырып, мерейін үстем еткейсің. Жер бетінде зұлымдыққа ұшыраған мұсылман қауымыңа Өзің жәрдем бергейсің. Елімізді тосыннан келетін табиғи апаттардан, су тасқыны мен от апатынан, жер сілкінісінен сақта», – деді ол.
Сондай-ақ имам-ұстаздар кезек-кезек жамағатпен бірге дұға тіледі. Бұдан бөлек қасиетті мекенге қажыларды бастап келген уағызшы-имамдар, қари ұстаздары Құран Кәрімді толық оқып, Арафатта хатым дұғасын жасады.