Ислам діні отбасы институтына ерекше мән береді. Отбасы – қоғамның негізі, ал оның беріктігі имандылық пен жауапкершілікке байланысты. Құран мен сүннетте отбасы құру, оны сақтау және нығайту – сауапты әрі маңызды іс ретінде көрсетіледі. Исламда неке (никах) адалдықтың, тазалықтың және өзара міндеттердің бастауы болып саналады. Исламда ер мен әйел бір-бірін толықтыратын серік ретінде қарастырылады. Ер адам – отбасының жауапты басшысы, асыраушысы әрі қорғаушысы. Әйел – отбасының берекесі, тәрбиенің өзегі, ұрпақтың аманаты. Алла Тағала Құранда: «Олар сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер» деп, ер мен әйелдің өзара жақындығы мен қорған болуын айқындайды. Бұл аят отбасындағы сүйіспеншілік пен өзара қамқорлықтың маңызын көрсетеді. Баланың тәрбиесі – исламдағы ең үлкен аманаттардың бірі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) баланы мейіріммен тәрбиелеуге, оған жақсы ат қоюға, дұрыс тәрбие мен білім беруге үндеген. Ислам тәрбиесінде баланы тек материалдық тұрғыдан емес, рухани жағынан да қалыптастыру маңызды. Ата-ананың мінезі мен іс-әрекеті – бала үшін ең үлкен үлгі. Исламда ата-анаға құрмет көрсету – ең жоғары парыздардың бірі. Құранда Аллаға құлшылық етуден кейін ата-анаға жақсылық жасау бұйырылған. Бұл – отбасы ішіндегі сыйластық пен берекенің негізі. Үлкенге құрмет, кішіге мейірім көрсету – мұсылман отбасының басты сипаты.
Қорытындылай келе, Ислам діні отбасыны қоғамның тірегі ретінде қарастырады. Имандылыққа негізделген отбасы – берекелі, тәрбиелі және тұрақты болады. Осындай отбасылар көбейген сайын қоғам да рухани тұрғыдан дамып, болашағы нық болады.
Өмірзақ Алида,
«Интернет кеңістігенде
діни экстремизмнің алдын алуды
үйлестіру және мониторинг» бөлімінің теололг маманы