Skip to content

ҒАЗАЛИДІҢ ІЛІМІНДЕ АДАМНЫҢ ДІНИ ТҰРҒЫДАН ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖӘНЕ ТӘРБИЕСІ

Тәрбие (үйрету, ағарту) ілгерілеуге, кемелденуге бағытталған үздіксіз құбылыс болып табылады [1, 18]. Осы ілгерілетуші және кемелдендіруші құбылыста адамдар үлкен жауапкершілікті мойындарына алған. Бұл жауапкершілік әрі өздеріне әрі отбасы мен бала-шағаға (Тахрим, 66/6) жүктелумен қатар ата-анаға да жүктелген. Отағасы әрі өзін, әрі өзінің қоластындағыларды Алланың тура жолына сәйкес өмір сүруі үшін, жамандық атаулыдан және ақырет азабынан өзін және оларды да қорғауға міндетті. Бұл үшін әр адамның өзін тура жолға түсіруді Алладан тілеуі оның қызметі болып табылады. Бұл қызмет құлшылық принципі ішінде адамды тұлғалық деңгейге көтеріп, қарапайым адамнан жауапкершілік жүктелген тұлғаға айналдырады. Осы аса үлкен міндетті, құлдық және адами жауапкершілікті атқаруы үшін және тура жолға түсіруі үшін Алладан жәрдем күтеді. Бұл жол жауапкершілік жағынан тыныштық пен нығметке қол жеткізгендердің жолы. Азапқа ұшырағандар мен адасқандардың жолы емес. Дұрыс жолды іздеп табу да жеткіліксіз. Жауапкершіліктің негізі бізге сол жол бойынша әрекет етуіміз керектігін еске түсіріп отырады. Әрекет те білу арқылы жүзеге асады, «Былай де, білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ала ма? Тек ақылы барлар ғана терең ойлай алады» (Зүмәр, 39/9), «Бір күнәні мойнына алған адам басқаның күнәсін мойнына алмайды. Шын мәнінде адам үшін өзі істегеннен басқа нәрсе жоқ. Оның ісі міндетті түрде ертең көрінетін болады. Кейін істеген ісінің өтемі толық берілетін болады» (Нәжм, 53/38-41) делінетін Құран аяттары жауапкершіліктің, тура жолдың, істелінетін істің өтемдерінің бір бірімен тығыз байланысты екендігін көрсетеді. «Құранның адамды қалыптастыруды мақсат етінген барша үкімдері мынадай түсіндірмедегі аяттарда орын алатын «бағыт» яки «тура жолда жүру» әмірінде жинақталған» [1, 21]

«Сенің Раббың (Иең) олардың істеген істерінің өтемін толық қайтарады. Олай болса сен Аллаға бет бұрғандармен бірге саған әмір етілгендей дұрыс жүріп тұр, асып-тасудан сақтаныңдар…» (Худ, 11/111-112)

Алланың Елшісі осы әмірді орындау үшін қалай тыпысқандығы және осы құдайлық әмірдің аса үлкен жауапкершілігін үмметінің қалайша атқаратындығын ойлағандықтан сахабаларының «сізге кәрілік өте ерте келді» деп айтуына байланысты «Худ пен оның мысалдары мені есейтті», Ибн Аббас жеткізген басқа бір риуаяттағы «Худ сүресі мені қарттайтты» » [2, 2830]сөздерінен түсінеміз.

«Хаққа жету үшін дұрыс жолдан (истиқамат) басқа жол болмағаны секілді, кез келген мәселеде ең тура жол (камал-и истиқамат) секілді жоғары мақам мен ол секілді аса қиын еш нәрсе жоқ»[2, 2830].

«Дұрыс жол» (истиқамат) шектен шығудан аулақ болып орта жолмен жүру дегенді білдіреді. Асыра сілтеушіліктен аулақ болу туралы әмір етілуі де осыны көрсетеді. Қандай да бір мақсат болмасын оған жетудің ең төте жолы тура жол болғанымен ең алдымен кез келген істе баратын бағытты анықтап алу өте қиын, кейін әртүрлі мәселелердің уысынан шығып, шаршамай-шалдықпай сол бағытқа қарай бет алу одан да қиыны. Ең соңында сол жерге жеткеннен кейін тура сол бағыт бойынша илікпей ары қарай жалғастыру болса ең қиыны болып табылады[2, 2830]. Міне сол себепті адамға жүктелетін аса ауыр жауапкершілік осыдан туындайды. Осы тура жолда жүру туралы әмір Мұхаммед пайғамбар мен барша мұсылмандарға «тәубе етіп иманда саған серік болғандар да сен секілді тәубе келтірсін» делініп жалпы адамзатқа қарата айтылады. «Сондай-ақ азғындыққа бармаңдар» яғни Алла белгілеген шеңберден шықпаңдар, бет алған бағыттың жолынан шықпай, адамдарды алалап бөлінбеңдер, шектен шықпаңдар. Өйткені Иең (Раббың) барлық істейтіндеріңді толық көреді (Басир). Ол сол бойынша сый көрсетеді немесе жазалайды. Зұлымдық еткендерге жақындап, оларға болысу былай тұрсын, ол туралы ойларыңа да алмаңдар, өйткені сендерді де от шарпиды. Алладан басқа достарың жоқ. Кейін құтыла алмайсыңдар. Күндіздің екі бөлігінде және түннің күндізге жақын сағаттарында намаз қыл. Себебі жақсылық жамандықты кетіреді. Бұл көзі ашықтарға берілген үгіт. Сабыр ет өйткені Алла жақсылықтардың өтемін қайтарады. Құран Кәрімде былай делінеді: «Біз аманатты көкке, жерге, тауларға ұсындық, бірақ олар оны қабылдаудан тартынып, батылдары бармады. Ал адам болса сол аманатты мойнына алды, өйткені ол өте залым, өте надан»(Ахзаб, 33/72).

Жауапкершілікті мойнына алған адамның аманатты алуы болса оның аманатты алып алмауда ерікті екендігін, алғаннан кейін де іс-әрекеттерінде ерікті екендігін білдіреді [1, 21]. Адамның тұлғалық болмысының негізінде осы жауапкершілік орын алып, адам Алланың алдында жауапкершілігі бар «тұлға» ретінде орын алады. Тұлғалық сипаттар қалай болса солай ретсіз немесе өздігінен пайда болмай, адамдарға жіберілген Алланың аяттары мен пайғамбардың тәлім-тәрбиесі арқылы қалыптасатын сипаттар болып табылады. Алла Тағала осы мәселе туралы былай дейді: «Ол өте қасиетті, күшті және хаким. Надандар арасынан өздеріне аяттарын оқитын, оларды құтқаратын, оларға кітап пен хикметті үйрететін бір пайғамбар жіберді. Өйткені олар бұрын айқын адасуда болатын» (Жума, 62/1-4). Пайғамбардың осы тәлімі мен оларды тазартуымен адамдар құдайлық тәлімнің сипаттарына қол жеткізе алатын потенциалға ие болды бірақ осы тәлім болмаған кезде олар көптеген адасушылықтың ішінде болатын. Осыған байланысты исламда тұлғаның тәрбиесі тек құдайлық тәлім мен тәрбие арқылы ғана мүмкін болады. Тәлімнен де бұрын нәпсіні жамандықтардан, жаман ниеттерден тазартып, нәпсінің дәрежесін жоғарылатып осы тәлімге алдын ала дайындау қажет. Осы тазалық пен дайындық болмайынша құдайлық тәлім мүмкін емес. Мұны да пайғамбардың жеке өзі үмметіне мысал ретінде көрсетіп кеткен. Құран Кәрімде «Шын мәнінде Алланың ақырет күнінен үміттенгендер мен Алланы көп еске алғандар үшін сендерге Алланың Елшісінде тамаша үлгі бар» (Ахзаб, 33/21) делініп муминдерге исламдық және адами тұлғалық сипаттарды пайғамбардың тұлғасымен үлгі ретінде көрсеткен. Адамдар осы тұлғалық қасиеттер мен этикалық қасиеттерді өздеріне үлгі тұтып соған лайықты амалдарды орындайды. Осылайша исламдық тұлғаның сипаттарына қол жеткізу –білім (мағрифат, хикмет), үлгі (мысал) және амал ретінде үш жақтан тұрады.

 Іс-әрекеттерде көрініс таппаған білім білім емес. Үлгі алған пайғамбардың іс-әрекеттерін қабылдау жолымен күшейтілген білім оның ісәрекеттерін ретке келтіретін болады. Үздіксіз барлық сүннеттерге сай ісәрекеттер рухани қасиеттерге айналып оның мінез-құлқына жақсы жағынан әсер ететін болады. Іс-әрекеттердің ең маңызды реттеушісі мен құлдың жаратылу себебі құлшылықтар болып табылады. Құран Кәрімде Алла Тағала жындар мен адамдарды тек өзіне құлшылық ету үшін жаратқандығын баяндайды «Ғибадат-ілімнің жемісі, өмірдің пайдасы, қуатты құлдардың қол жеткізгені, әулиенің азығы, тақуа иелерінің жолы… ол бақытқа апаратын жол және жәннаттың кілті болып табылады»[3, 2; 4, III/5].

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Сендерге деген нығметімді аяқтаймын және осылайша жолға түскен боласыңдар. Өйткені біз сендерге араларыңнан аяттарымызды оқитын, (Сендерді кез келген жамандықтардан) құтқаратын, сендерге кітап пен хикметті үйрететін және білмейтін нәрселеріңді үйрететін бір Елші жібердік»(Бақара, 2/150-151). Жанның (нафс) жамандықтардан тазаруы, құдайлық ақиқаттардың білінуі, білмейтіндерді үйрену тек пайғамбар арқылы ғана және оның сүннеттерін ұстану арқылы ғана жүзеге асады. Осы тұрғыдан исламда үйрену парыз болған мәселелер бар. Тұлғаның қалыптасуында осы сипаттардың танылуы және қабылдануы керек.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.Ayazbeyoğlu, N., İslamiyet’in Eğitimimize Getirdiği Değerler ve Kur’an-ı Kerîm’in Eğitim İle İlgili Ayetlerinin Tahlili, İstanbul 1968.

2.Elmalılı, H. Yazır, Hak Dinin Kur’an Dili, Haz. Prof. Dr. Asım Cüneyd Köksal ve Doç. Dr. Murat Kaya, IV, 2021-2023.

3.Gazali, Cennete Doğru Abidler Yolu (Minhacu’ul Abidin), Çev. Ali Kaya, Semerkand Yayıncılık 2007. 4.Gazali, İhya, çev. Sıtkı Gülle, Huzur Yayınevi, I-IV, 2021.

                                                                                                        Тұрарбек Ақниет

                                                                                                                  Дінтанушы

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *