Радикалды ағымдар адамдарды, әсіресе жастарды, діни білімнің әлсіз тұстарын пайдалана отырып өз ықпалына тартуға тырысады. Олар дінді бейбітшілік пен ізгілік құралы ретінде емес, арандату мен өшпенділік тудыратын құралға айналдыруды көздейді. Ал діни сауаты төмен адам мұндай жалған ұрандарға тез сеніп қалуы мүмкін.
Діни сауаттылық – дінді терең әрі дұрыс түсіну. Ол қасиетті мәтіндерді контекстен тыс емес, тарихи, мәдени және рухани тұрғыда пайымдауға үйретеді. Сауатты адам радикализмнің дінмен еш байланысы жоқ екенін, оның түпкі мақсаты қоғамды іріткіге салу екенін айқын аңғарады.
Қазақстанда қалыптасқан дәстүрлі ислам құндылықтары – сабырлылық, төзімділік, адамгершілік пен бейбіт өмірге негізделген. Осы құндылықтарды кеңінен насихаттау және жастардың санасына сіңіру радикализмнің алдын алуда шешуші рөл атқарады. Діни білім тек мешіт қабырғасында ғана емес, отбасы мен білім беру орындарында да дұрыс бағытта берілуі тиіс.
Қоғам үшін ең қауіпті қару – адасқан сана. Ал оған қарсы тұратын ең қуатты күш – білім. Сондықтан діни сауаттылықты арттыру әрбір азаматтың ортақ міндеті. Саналы ұрпақ, сауатты қоғам ғана радикализмге қарсы тұра алады. Діни сауаттылық – бүгінгі күннің талабы, ертеңгі қауіпсіздіктің кепілі. Діни сауатты адам кез келген діни ақпаратқа сыни көзбен қарайды. Ол «неге?», «қай дерекке сүйеніп айтылып отыр?» деген сұрақтарды қоя алады. Бұл – радикализмге қарсы тұрудың ең тиімді жолы. Себебі радикалды ағымдар дәл осы сыни ойлаудың жоқтығын пайдаланады.
Мемлекет пен қоғам тарапынан діни сауаттылықты арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың да маңызы зор. Ақпараттық-түсіндіру топтары, діни басқармалар, теолог мамандар мен ұстаздардың еңбегі жастарды дұрыс бағытқа жетелеуге ықпал етеді. Алайда бұл жұмыс тек мамандарға ғана емес, ата-ана мен әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік екенін ұмытпау қажет.
Радикализмге қарсы күрес тек тыйым салу немесе жазалау арқылы шешілмейді. Оның түп-тамырын жою үшін адамның ішкі сенімін, дүниетанымын дұрыс қалыптастыру қажет. Ал бұл міндет діни сауаттылық арқылы ғана жүзеге асады. Дін – қорқыныш пен жеккөрушіліктің емес, бейбітшілік пен мейірімнің қайнар көзі екенін түсіну – сауатты қоғамның белгісі.
«Оңалту жұмыстары және
діни психологиялық қолдау»
бөлімінің теологы А. Бердібек