Skip to content

Діни ақпарат алудағы негізгі қағидалар

Қазіргі жаһандық дәуірде кез-келген тақырыпқа байланысты ақпараттар тез арада таралып, өзгеріске де ұшырап жатады, екі дереккөздің беретін ақпараты екі түрлі формада болуы да мүмкін. Әрине діни тақырыптар бұл жағдайдан тыс емес. Ақпараттық қоғамда діни мәліметтер әртүрлі дереккөздер арқылы кеңінен таралуда. Сол себепті діни тақырыптардағы ақпараттарды алу барысында сақтық пен жауапкершілік таныту аса маңызды. Дұрыс таңдалмаған, күмәнді ақпарат адамды адастырып, қоғамда теріс түсініктердің қалыптасуына әкелуі мүмкін. Алынған ақапарат радикалды, экстремисттік топтардың идеологиясына негізделуі мүмкін.

Жоғарыдан аталған жағдайға тап болмау мақсатында ең алдымен, діни ақпараттың сенімді дереккөзден алынуына назар аудару қажет. Ресми тіркелген діни ұйымдардың ресми парақшалары, арнайы дінтанулық және діни экспертизадан өткізілген еңбектердің қолданысына мән беру өте маңызды. Ал әлеуметтік желілер мен бейресми сайттардағы мәліметтерді міндетті түрде тексеріп қабылдау керек.

Екіншіден, алынған ақпаратқа сыни көзқарас, критика тұрғысынан қарау маңызды. Кез келген діни мәліметті біржақты қабылдамай, оның мазмұнын ақылмен саралап, басқа дереккөздермен салыстыру қажет. Бұл адасушылықтың алдын алады.

Үшіншіден, діни ақпараттың қоғамдық және ұлттық құндылықтарға сәйкестігіне мән берген жөн. Қазақстан қоғамында қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтарға қайшы келетін идеялардан сақ болу қажет.

Төртіншіден, діни білім алу барысында асығыстық пен эмоцияға берілуден аулақ болу керек. Дін – терең түсінік пен сабырлықты талап ететін сала. Сондықтан шешім қабылдауда ұстамдылық танытқан дұрыс.

Қорытындылай келе, діни ақпарат алуда сенімділік, сыншылдық, жауапкершілік және ұлттық құндылықтарды құрметтеу негізгі қағидалар болып табылады. Осы талаптарды сақтау әрбір азаматтың рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Бердібек Асел,

«Оңалту жұмыстары және

діни психологиялық қолдау»

бөлімінің теологы