Skip to content

Дін мен дәстүр

Ұлттық бірегейлікті сақтап, әлеуметтік мәдени дамуда дәстүр құндылықтарының алар орны бөлек. Бұл құндылықтар атадан балаға берілетін, әр ұлттың өзіндік болмысын, руханияты мен дүниетаным, тарихы мен мәдениетін танытатын асыл мұра болып табылады.


Құранда “Сендерді бір-біріңмен танысып, табысулардың үшін саналуан ұлыстар мен руларға бөлдік” деген  Ұлы Жаратушы Алла әр ұлтты өзара етене жақсы аралассын деп, өздеріне тән ерекшеліктері мен әдет-ғұрыптарымен  жаратқан болса керек.  Соған байланысты шариғатымызда заң алынатын он дерек көздің бірі саналатын салт-дәстүр Құран мен сүннетке қайшы келмесе, мақұлданып, қабылданатын болған. Мәселен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі босын) Мәдинаға көш аударғанында сол жердің қалыптасқан салтына қарай шариғат негіздеріне сай қоғамдық заң шығарған. Бұдан байқайтынымыз, дін мен дәстүр бір-бірінен ажырамайтын, керісінше бірін-бірі толықтырып, қоғамның тату тәтті өмір сүруіне негіз болатын ұлттық жүйе.


Ислам белгілі бір ұлтқа емес, бүкіл адамзатқа жіберілген дін болғандықтан, барлық ұлттың тұрмыс-салтымен үйлесімділік тапқан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына дінді өзге халықтарға сіңдіру үшін сол халықтың салт-дәстүріне, егер шариғатқа қайшы келмесе, нұқсан келтірмеулерін ескерткен. Осы сөзге негізделген дін таратушылары шамамен 751 жылдары қазақ жеріне келген кездерінде жергілікті тұрғындардың дәстүр-салтына, түріктік дүниетанымына ерекше мән бере отырып, Иләһи дінмен ұштасқан жаңа түркі-Ислам мәдениетін қалыптастырды. Бұл діннің қазақ қоғамына тез сіңіп, кеңінен тарауына себеп болған жайт, бабамыздың ұлттық құндылықтарының шариғи принциптермен үндес келуі еді. Атап айтар болсақ, ата- анаға құрмет көрсету, қыз ұзату, неке қию, туған-туыстармен туыстық байланысты үзбеу сынды дін ұстанымдары дәстүріміздегі отбасы құндылықтарымен ұштасып жатты. Бір сөзбен айтқанда, Ислам діні ешқашан қазақ халқына  жат болған емес.
Алайда өкінішке орай, қазіргі таңда дін мен дәстүрді бір-бірінен ажыратып, халықты адастырып жүрген топтар бар. Бірі салт-дәстүрімізді діннен емес, оны ұстанған діннен шығады десе, тағы бірі Ислам діні қазаққа тән емес, бұл арабтың діні деседі. Дегенмен бұндай қате пікірлерге негіз жоқ екені айтпаса да түсінікті. Себебі 13 ғасыр бойы біте қайнасып, қоғамдық тұрмыс-тіршілікке, мінез-құлық пен моральдық аспектілерге тереңінен сіңген қос ұғымды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Олай болған жағдайда ұрпақтық тізбек бұзылып, ұлттық кодты жоғалтып алу қаупі бар.
Қазақ хандары Құранды сүйіп ант берген. «Сегіз қырлы» жігіттің бір қыры – мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан білімді қазақтар арабша, парсыша оқи білген, араб елдерінен білім алған. Қазақ ұлт болып мұсылмандықтың негізінде ұйыған, қазақ болмысы, дәстүрі мен ислам діні біте қайнасып сіңіскен, ислам ұлтымыздың салтына бейімделген. Тіл мамандарының айтуынша, қазақ адам аттарының жетпіс пайызы күні бүгінде араб, парсы тілдерінен. Ислам дінін қабылдағаннан кейін кісі аттарында Мұханбет, Қожа, Саид (Сейіт), Ибрахим сияқты аттар жиі кездеседі. «Қазы» деп аяқталатын қазақ аттары көп. Қазы арабша алғанда дін жолындағы соғысқа қатысқан адам. Халық үшін дін мен тәуелсіздік, дін мен патриотизм — ажырамас идеялар. Патша үкіметіне қарсы күресте діни ұрандар халыққа күш қуат берген. «Ат құйрығын сүзіңдер, Аллалап атқа қоныңдар!» — деп би, жыраулар бата берген. Діни әдет, уағыздар халықтың мақал, мәтелдері мен нақыл сөздеріне де енген. «Халықтан ұял, құдайдан қорық», «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Тәңірі табады», тағы басқалар Соңғы ғасырларда қазақ ұлты ата-бабасының құндылықтарынан айрыла бастады.                                                                                                                          Қорыта айтқанда, дін мен дәстүрдің тоғысуы қазақ халқының ұлттық бірегейлігін нығайтып, рухани- адамгершілік келбетін айқындап, оның қазіргі және болашақтағы дамуына зор ықпал етері сөзсіз. Сол себепті бұл құндылықтарды сабақтастарған күйде сақтап, оны насихаттау әрбір қаракөз бауырларымыздың ұрпақтық борышы деп білемін.

                                                                              Дін мәселелерін зерттеу орталығы КММ нің Интернет кеңістігінде дін экстремизмнің алдын алуды үйлестіру және мониторинг бөлімінің теолог маманы Тұрғунбай.Д.Қ

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *