Skip to content

Білім алу парыз

Ғылымнан асқан азиз нәрсе жоқ.

Патшалар адамдарға билік жүргізсе,

 ғалымдар патшаларға билік қылады. (Әбу Әсуад)  

Жаһандану жағдайында еліміздің ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін сақтау үшін өзіміздің ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды танып білу – өмір талабы. Мұндағы халық руханияты бастауларының бірі – қазақтың тарихи және мәдени қалыптасқан діні – Ислам.

Ислам, әлемдік дін ретінде қазақ халқының өмірі мен салт-дәстүрімен үйлесімін тапты. Бұл халқымыздың ділі мен тілінде, мінез-құлқында және салты мен әдет-ғұрпында айшықталады. Дін Ислам жәй ғана сенім емес, бұл – қоғам мүшелерін бейбітшілік пен тұрақтылыққа шақырып, мұсылмандарды білім алуға міндеттейді. Мысалы, Құранда 114 сүре бар. Бұлардың әрқайсысы белгілі оқиғаға және заманға байланысты рет-ретімен түсіп отырды. Осы сүрелердің ішінен алғаш болып Мекке шаһарында «Алақ» сүресі түсті. Бұл сүре 19 аяттан тұрады. Бұлардың ішінде бастаушы аят бар. Осы бірінші аяттың алғашқы сөзі: «Оқы!», – деп басталады. Басқаша айтқанда, Құранның адам баласына түсірген бірінші сөзі – «Оқы!». Адам оқып, көзі ашылады. Айналасын танып, оларға құрмет көрсетеді. Ия, бұл сөз бұйрық райында келген. Сөйтіп, адам үшін білім алудың парыз екенін білдіріп тұр. Сондықтан да Ислам – білімсіз адамды қараңғы, надан адаммен теңейді. Әдетте, халқымыз дөрекі, әдепсіз қылық жасаған адамға: «Көргенсіз. Оқымағыны көрініп тұр», – деп айтады. Сол үшін Құранда: «Раббым, білімімді арттыр!», – деп айт деген аят бар (Таһа: 114). Келесі аятта «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» – деп білім иелерін ардақтайды (Зумар: 9).
        Келесі мәселе, Ислам – ешқашан әйел құқығын шектемеген. Тіпті, әйел кісілерден білім үйренуді талап етіп, оған ерекше көңіл бөлген. Бұл жөнінде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Білім алу әрбір мұсылман ер кісіге де, әйелге де парыз», – деп білім ізденудің әйелдерге де тиісті екенін айтқан. Ислам тарихында пайғамбардың (с.ғ.с.) әйелдерге арнайы бір күнді белгілеп, оларға Исламдағы әйел құқығын, әйелдің отбасындағы міндеттері сияқты т.б. мәселелер бойынша дәріс бергені мәлім. Кейінірек осы мақсатта, өмірлік жары Айша анамызды әйелдер үшін арнайы ұстаз етіп тағайындайды.

Бүгінде Ислам атын жамылған түрлі ағымдарға кіріп кетіп жатқан іні-қарындастарымызды көріп отырмыз. Ертеде бір дана:«Ақыл топырақ, топыраққа не ексең сол шығады», – деп айтқан екен. Егер білімсізге ойы арам адам жолығып, жақсыны жаман, ал жаманды жақсы етіп үйретсе, онда ол дүниені солай түсінеді. Мұндай адамға «ұстазы» нені ақ десе, сол ақ, нені қара деп айтса сол – қара болып қалады. Мұнан соң бала не әке-шешенің тілін алмайды, не ағайын-туысты тыңдамайды, не имамның сөзіне де құлақ аспайтын болып шығады. Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ, Тулап, қайнап, бір жүрек қылады әлек. Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, Ғылым – сол үшеуінің жолын білмек, – деп дана Абай да ғылымның мәртебесін көрсетіп отыр. Олай болса, ғылым үйреніп, біліп алып, келешегімізді жарық қылайық.

Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз.                                                        

Қорыта келгенде әрбіріміз сауатты болу үшін білім алуға міндеттіміз. Адам жан-жақты болуға талпынса, көштен қалмасы анық. Абай атамыз «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні кәріп» деп бекер айтпаса керек, сондықтан да дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін білімді де, сауатты болуға, заман талабына сай болуға талпынып, еңбектенуіміз қажет.

Дінтанушы,      Тыныштық  Сейлбекқызы